Қоғам

Іргелі серіктестіктің қолдауымен көркейіп келе жатқан ауыл

Мына белорустық астық тазалау-кептіру кешені «Гермес Агро» серіктестігіне тиесілі. Мұнда ауылшаруашылық дақылдар тазартылып, кептіріледі. Кәсіпкер Сергей Окуневтің айтуынша, жалпы құны 1 жарым млрд теңге болатын жоба кезең-кезеңімен іске асырылады.

СЕРГЕЙ ОКУНЕВ, «Гермес Агро» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:
– Жобаға әзірге 800 млн теңгеге жуық инвестиция құйылды. Кешен құрылысын өткен жылдың мамыр айында бастадық. Қазіргі уақытта екі астық қабылдау желісі жұмыс істеп тұр. Қос нысан – тұқым желісі мен кептіру кешені. 2024 жылға дейін диірмен мен құрамажем зауытын ашуды жоспарлап отырмыз.

Қос жүйе толығымен автоматтандырылған. Бір жерден ақау шықса бірден жұмысын тоқтата қояды. Тіркелген дерек зауыт серверіне түседі.

Астықтың сапасын зертхана мамандары тексереді. Жалпы, астық тазалау-кептіру кешенінде 6 адам жұмыс істейді. Алтауы да Мерген ауылының тұрғындары. Жоба экологиялық талапқа сай келеді. Мұндағы қондырғылардан жұмыс істеу барысында ауаға зиянды зат бөлінбейді. «Гермес Агро» серіктестігі биыл 10 мың гектарға жуық алқапқа егін еккен. Тең жартысы – дәнді дақылдар. Жиналған өнім тура астық тазалау-кептіру кешеніне жеткізіледі.

Кәсіпорынның өзінде өндірілген, кей жағдайда өзге жерден жеткізілген ұннан жергілікті наубайханада жұпар иісті әрі жұмсақ нан пісіріледі. Наубайхананы да іскер азамат Сергей Окунев ашқан. 25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Дайын өнім ауылдағы сауда орнына жеткізіледі. Бағасы қалта қақпайды. Нанның бір данасы 100 теңге тұрады. Жалпы, шағын маркеттің сөрелері түрлі тауарға толып тұр. Азық-түлік те бар, тұрмысқа қажетті заттар да бар. Шағын маркетті де ашқан кәсіпкер сауда орнына 4 адамды жұмысқа қабылдапты. Мерген ауылының тұрғыны Естай Бірімжанов үйге қажетті дүниенің барлығын тек осы жерден ғана алады екен. Сапасы да жақсы, бағасы да көңілге қонымды дейді. Айтуынша, Мерген ауылы қазір көркейіп келеді.

ЕСТАЙ БІРІМЖАНОВ, Мерген ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:
– Тұрмысымыз қазір жақсарып жатыр. Былтырдан бастап көшелерде асфальт төселді. Виктор Васильевич пен Сергей Викторович – біздің ауылдың тумалары. Өздері көмектесті, қазір осындай жақсы тұрмысқа жетіп жатырмыз. Бәрі бар.

Мерген ауылында 450 адам тұрса, “Гермес-Агро” серіктестігі соның 100-ін жұмыспен қамтып отыр. Тіпті, агроқұрылым жұмысшыларына баспана да салып жатыр. 2017 жылдан бері кәсіпорын басшылығы 18 үй салған.

СЕРГЕЙ ОКУНЕВ, «Гермес Агро» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:
– Үйлерде барлық жағдай жасалған. Суы да бар. Түрлі тұрмыстық техникасы қосылған. Баспана жұмысшыларға тегін беріледі. Дені – үш бөлмелі. Қоныстанған жандар 10 жылдан кейін үйді өз меншігіне жаза алады. Әзірге, тек коммуналдық төлемдерін ғана төлеп тұрып жатыр. Жөндеу жұмыстары қажет болса, оны өз қаржысына жасайды.

Қоныс иелерінің бірі – Данияр мен Әсемгүл Мұқышовтар. Мерген ауылына екі жыл бұрын Петропавлдан көшіп келген. Келгендеріне өкінбейді. Жұмыс бар, лайықты жалақы төленеді, үй тегін. Ерінбей еңбек етсең болғаны. 3 баласының үлкені – мектепке, ортаншысы балабақшаға барады.

ДАНИЯР МҰҚЫШОВ, Мерген ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:
– Басқа жақтан үй алып берген. Ол үй салқындау болды. Кейін бастық осы баспананы берді. Үй оңды әрі жылы. Өте қатты ұнайды.

ӘСЕМГҮЛ МҰҚЫШОВА, Мерген ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:
– Үй жаңа. Ішінде барлық жағдай жасалған. Суы да бар.. Балаларымыз кішкентай. Сондықтан, үйдің жылы болуы біз үшін маңызды. 

Ерлі-зайыптылар осында тұрақтап қалмақшы. Берекелі жер дейді. Сергей Окунев адамға жұмыс бере отырып тұрмыстық жағдай жасау – ауылға кадр тартудың кепілі дейді. Осы ретте 2023 жылы тағы 5 үй салуды жоспарлап отыр.

Самал Жунусова