Әр түрлі

Сөз зергері – Сафуан

«Сөз зергері – Сафуан». Осындай атаумен Оқушылар сарайында атақты жазушы Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығына орай кеш өтті. Тіл жанашырының рухани және шығармашылық әлемін ашу мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек қатысып, жиналғандарды аймақ басшысының атынан құттықтады және қаламгердің тарихтағы рөліне тоқталып өтті.

ДӘУРЕН ЖАНДАРБЕК, СҚО әкімінің орынбасары:
– Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің қатарында Сафуан Шаймерденовтің орны ерекше. Жазушының қаламынан туған шығармалар – әдебиетіміздің алтын қорына енген туындылар. Оның шығармашылығы өскелең ұрпаққа өшпес өнеге. Тума таланттың асыл мұрасын жас ұрпаққа насихаттау – аға буын үшін үлкен міндет.

Кештің ауқымы кең. Залда Астана мен Алматы қалаларынан келген қонақтар да отыр. Солардың бірі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
– Бұл кісінің алғашқы шығармасы жарық көргеннен кейін мен дүниеге келдім. Біз «Инеш» романын оқып өстік. «Мезгіл», «Қарғаш» пен «Өмір нұры» сияқты туындыларын оқыдық. Сафуан Шаймерденов біздің заманымыздағы жастардың жүректерін дүбірлететіндей етіп жазған. Әлі де солай деп ойлаймын.

Еске алу кешіне көрнекті қаламгермен дос, таныс болған жандар да қатысты. Бектұрған Рамазанов жазушыны студент кезден біледі. “Қазақ әдебиетінің классигі саналатын Сафуан жүрген жерінде жастарды білімге, әдебиетке ынталандыратын”,- дейді азамат.

БЕКТҰРҒАН РАМАЗАНОВ, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:
– «Инеш» деген романына талдау конференциясын өткізіп жатқанбыз. Оған Сафуан Шаймерденов те қатысты. Ол кісінің әдебиетте “үлкен адам” екенін сол кезде білдік. Оның шығармаларын кітапханада үздіксіз оқып отыратынбыз. Ол жастарды әдебиетке тартатын. Соның арқасында педучилище бітірген жастардың дені қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары оқу орындарына түсіп жүрді. Педучилищені бітіріп, мұғалім болып қызмет етіп жүргенімде С.Шаймерденовпен тағы бір кездесуге қатыстым. Үлкен әсер алдым.

Дина Шаймерденова – жазушының немересі. Жерлесіміз атасының әңгімелерін естіп өсіпті.

ДИНА ШАЙМЕРДЕНОВА, С.Шаймерденовтің немересі:
– Атам жұмысында қатал болғанымен, үйде өте мейірімді болды. Немерелерін еркелетіп, ертегілер айтатын. Біз оны қызығушылықпен тыңдайтынбыз. Сол күндерді сағына жиі еске аламын.

Солтүстіктің сәйгүлігі саналатын Сафуан саналы ғұмырын әдебиетке арнады. Өшпес із қалдырды. Оның есімі ұмытылмауы тиіс. Ұрпақ қаламгерді біліп, құрметтеуі қажет.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Сафуан ағамыздың керемет қасиетінің бірі – оның халықты сүйгендігі, халқының ұлы болғандығы. Совет заманында тепкі көргенді, 86-шы жылғы көтеріліс кезінде көптеген жазушыларды Колбиннің алдында ақтап алған Сафуан Шаймерденов еді. Ол тарихта алтын әріппен жазылатын оқиға деп ойлаймын. Оның есімі мәңгі есімізде сақталуға тиіс.

Шығармашылық кеш барысында Сафуан Шаймерденовтің «Сорайған солтүстік қарағайы» атты кітаптың тұсауы кесілді.


Самал Жунусова