Мәдениет

Өңірге қорғандық қуыршақ театры келді

Бүгін Петропавлға көршілес Ресей елінен өз өнерлерін көрсетуге қуыршақ театры келді. Жерлестеріміз Қорған облысынан ат басын бұрған өнерпаздарды қазақтың ұлттық тағамдарымен қуана қарсы алды. Талантты меймандар кішкентай көрерменге «Қаздар мен аққулар» ертегісін ұсынғалы отыр. Айтуларынша, бұл ертегі қаламызда бірінші рет қойылмақ.

ОЛЬГА ПЕТУХОВА, “Гулливер” қуыршақ театрының режиссері, Қорған қаласы, РФ:
– « Қаздар мен аққулар» ертегісі біздің репертуарымызға 2016 жылы енді. Осы қойылыммен Қорған өңірінің балаларын тамсандырып жүрміз. Өзге де қалаларға барып өнер көрсетеміз. Бұл ертегімен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмыз.

«Қаздар мен аққулар» спектаклі орыс халқы ертегісінің негізінде сахналанды. Шығарманың режиссері – Никита Шмитько, көркемдік жетекшісі – Александра Громова.

Бұл көріністе ата-анасы жұмыстарына шығып бара жатып қыздарына кенжелерін қарауды тапсырады. Бұрымды жеткіншектің мінезі қырсықтау екен. Әке-шешесінің айтқанына көнбей інісін далаға қалдырып өзі ойнауға кетіп қалады. Ұшып бара жатқан жалмауыз кемпірдің қаздары мен аққулары жалғыз отырған балаға көздері түседі. Бірден сәбиге ұшып келіп арқасына мінгізіп алып кетеді.

Қыз бала бауырын іздеуге шығады. Алдынан пеш, алма, өзен кезігеді. Қырсықтығы соншалық ешкімнің көмегіне жүгінбейді. Ойлана келе өз шешімін өзгерту нәтижесінде інісін тауып алады. Бұл қойылым балаларды мейірімді, тәртіпті әрі ақылды болуға баулиды. Сонымен қатар, өңіріміздің қуыршақ театры да әріптестік қарым-қатынас аясында гастрөлдік сапармен Қорған облысына баруды жоспарлап отыр.

МЕЙРАМ СЕКСЕНБАЕВ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
– Біздің театрымыз Ақтөбеге халықаралық фестивальға барайын деп отыр. Барып келгеннен кейін Қорғанға барамыз. Ол өңірге «Мысық пен тышқан» деген қойылымды қоямыз.

Айта кетейік, Ақтөбе облысында өтетін Халықаралық фестивальға 10 елдің өкілдері қатысады. Шара қыркүйектің 19-ы мен 21-і аралығында ұйымдастырылады.

Гульден Симбаева