Әр түрлі

“Халық заңы” акциясы

«Халық заңы”. Петропавлда осындай атаумен акция өтті. Шара ауқымы кең. Республикалық болғандықтан, еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алынған. Облыс орталығындағысы “Dostyq mall” сауда-ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды. Бұл жерге 21 маман келді: заңгерлер, мемлекеттік қызметшілер, адвокаттар мен салық органының өкілдері. Мақсат – тұрғындардың көкейінде жүрген сұрақтарын тыңдап, жауап қату, мазалаған мәселесінің шешімін нұсқау. Сұрақтардың мазмұнына қарай азаматтарды үй, жер мен салық төлеу мәселелері алаңдататынын ұғындық.
Шараға келушілердің қатары қалың. Саира Абитова – 8 баланың анасы. Қарт ана мүгедек баласын бағып отыр. Зейнеткердің қалада пәтер кезегінде тұрғанына 9 жыл болған.

Саира Абитова, зейнеткер:
– Әкімдікте 9 жыл өшіретте тұрмын. Мүгедек балам бар. Үлкен балам қайтыс болғаннан кейін несие алдым, енді жаба алмай әлекпін. Банк бірден 150 төлесін дейді. Оны төлейтін жағдайым жоқ
.

“Халық заңы” акциясы – дәстүрлі шара. Жылына бір рет ұйымдастырылады. Өңірде өткізіліп келе жатқанына – 6 жыл.

СЕРГЕЙ ПЕРОВ – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– “Шараға 21 сарапшы келді. Оның 8-і түрлі құқық саласы бойынша адвокат болып саналады. Сондай-ақ, полиция департаменті, мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысып жатыр”.

Студенттер мен болашақ заңгерлер атсалысуда. Шараны өткізудегі мақсат – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Гульден Симбаева