Өнеркәсіп

Айыртау ауданында ірімшік өндіретін цех іске қосылды

Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында ірімшік өндіретін цех іске қосылды. Тың жобаны жүзеге асыру үшін 600 млн теңге инвестиция тартылған. «TEZIS» кәсіпорнының қуаттылығы күніне 5 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді. Мұнда ірімшіктің 25 аталымы, яғни моцарелла, сулугуни, ерітілген және сүрленген ірімшіктердің түр-түрі дайындалады.

АРТЕМ ТЕН, «TEZIS» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:
– Біз Қазақстанда енді-енді қолға алынып жатқан инновациялық тауардың түрлерін де шығарудамыз. Түсіндіре кетсем, жартылай еттен, қалғаны ірімшіктен тұратын өнім дайындаймыз. Жалпы, әуел бастан жобаны іске асырарда Еуропадан әкелінетін өнімдердің орнын отандық тауармен алмастырып, бағасын қолжетімді етуді мақсат еттік. Сәйкесінше, бізден шыққан ірімшіктің бағасы шет елдерден жеткізілетіндерден 15-20 пайызға арзанырақ болады.

Кәсіпорындарындағы қондырғылар Ресей, Болгария, Италиядан алынған. Жаңа 35 жұмыс орны ашылмақ. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Айыртау ауданына сапары барысында цехтың жұмысымен де танысып, өнімдерден ауыз тиді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өңір аумағында сүт өнімдерінің көбірек өндірілуі біз үшін өте маңызды. Қазір 17 тауарлы-сүт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін сегізін іске қосу жоспарланып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 2500 мың тонна ірімшік өндірілді. Жуырда Петропавлда жылына тура осынша өнім әзірлейтін «Eurasian milk» зауыты жұмысын бастағанын естіген боларсыздар. Тауарларын дүкен сөрелерінен көрдім, пікірлер жаман емес.

Өңір жетекшісі былтыр облыста 600 мың тоннадан астам сүт өндірілгенін тілге тиек етті. Көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 6 пайызға өскен.

Алтынай Казиканова