Ауа райыБилік

Өңірге ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Дәулеталин келді

Өңірге жұмыс сапарымен ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин келді. Мейман алдымен Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы «Молсервис» серіктестігіне кіріп, цехтың тыныс-тіршілігімен танысып шықты. Айта кетсек, жергілікті кешен күнделікті денсаулыққа пайдалы, сапалы сүт өнімдерінің 13 аталымын өндірумен айналысады. Балғын тауар біздің облыстан бөлек, Рудный, Теміртау, Көкшетау қаласының тұрғындары арасында да сұранысқа ие.

ЕЛЕНА ХУТОРНАЯ, «Молсервис» ЖШС сүт цехының басшысы:
– Сүт дәруменмен байытылған. Мәселен, «Настасья» деп аталатын тауардың құрамында «акванез» қоспасы бар. Сарғыш келген өнім, әсіресе, көзге пайдалы. Сонымен қатар, біз йодказеин қосылған сүт пен айран дайындаймыз. Тауардың бұл түрі ағзада йод жетіспегенде немесе нормадан асып кеткенде йодтың мөлшерін қалыпқа келтіреді. Жалпы, күніне 25-30 тонна сүт қабылдап, 25 тоннаға жуық өнім шығарамыз.

Сатыбалды Дәулеталин «Молсервис» өндіретін сүт өнімдерінің дәмін татып көріп, оң бағасын берді.

САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
– Сүт өнімдерінің сапасының жоғарылығына таң қалдым. Біздің астанадағы сүт өнімдерінің кейбірінің сапасы да ондай емес. «Молсервис» жұмыскерлерінің жауапкершілігі мен бірлесіп жұмыс істеулерінің арқасында осындай нәтижеге жетіп отыр деуге болады.

Қазіргі уақытта серіктестікте 110-нан астам қызметкер еңбек етеді. Орташа айлық жалақылары – 170 мың теңге. Содан кейін Кәсіподақтар федерациясының төрағасы «Парасат» мектеп-лицейіне ат басын бұрып, ұжыммен кездесті.

САТЫБАЛДЫ ДӘУЛЕТАЛИН, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
– Мектептегі білім беру сапасын, мұғалімдердің жұмысын көріп, ауылдық жерлерде қазақ тілінде оқытатын мектептердің деңгейі жоғары екеніне көзім жетті. Ауылдағы мектептер – қазақ халқының рухани байлығының қайнар көзі.

Сатыбалды Дәулеталин облыста 2 күн болып, өңірдегі зауыт, мәдениет ошақтарын аралауды жоспарлап отыр.

Алтынай Казиканова