МТРА жаңалықтары

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына – 150 жыл

Биыл ұлт ұстазы атанған ұлы тұлға Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Алаш ардақтысы бар ғұмырын қазақ тілі білімінің негізін салып, қазақ әдебиетінің дамуына арнағаны баршаға мәлім. Оның өзінің достарымен бірігіп шығарған «Қазақ» газеті 3 жыл бойы үздіксіз тарап, жұртшылықтың санасын оятып, білімге деген құштарлығын арттыруға септігін тигізді.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, журналист
– Ахмет Байтұрсынов – «Алашорда» үкіметінің басшыларының бірі, «Алаш» партиясын құрушылардың бірі. Кеңес үкіметі орнаған жылдарда мемлекеттік қызметте еңбек етіп, Қазақстанның аумақтық шекарасын белгілеуге белсенді ат салысты.

Қазіргі уақытта Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбек жолы – қаншама жасқа үлгі. Мәселен, облыстық Полиция департаментінің қызметкері Серік Әбілғазынов қоғам қайраткерінің шығармашылығымен бала кезінен жақсы таныс екенін айтады. Тәртіп сақшысы бүгінгі әдеби кеште Ахмет Байтұрсынұлының «Туған тілім» атты туындысын оқып берді.

СЕРІК ӘБІЛҒАЗЫНОВ – СҚО ПД қызметкері
– Бұл өлең жолдарының әр шумағында терең мағына жатыр. Қазақ жастары толығымен қазақ тілін меңгеріп, ана тілімізде сөйлейтін болса, еліміз одан әрі өркендей бермек. Ахмет Байтұрсынұлы: «Халқыңды сақтар болсаң, ана тіліңді сақта,-деп айтқан болатын. Ана тіліміз – біздің баға жетпес мұрамыз. Біз қалтамызда ақша болса, кез келген затты сатып ала аламыз, бірақ тілімізді сатып ала алмаймыз. Сол үшін тілімізді қастерлеуіміз қажет.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойымен қатар, Тілдер күніне орай облыстық ПД мамандары кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп, әдеби іс-шара өткізіп отыр.

АБЫЛҒАЗЫ ГАБДУЛЛИН – СҚО ПД кадр саясаты басқармасының бастығы
–  Полиция департаменті 20 ұлт өкілі қызмет атқарады. Олардың арасында қазақ тілінің дамытып, ана тіліміздің дәрежесін көтеруге тырысамыз. Тіліміздің дамуына барлығымыз бірдей ат салысып, үлес қосайық, тіліміз көркейе берсін.

Жиын барысында келушілердің назарына «Алаш арысы» атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды.


Алтынай Казиканова