МТРА жаңалықтары

Мәжіліс депутаты шекара бөлімшелерінде болды

Облысқа жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов келді. Ол өңірдегі шекара бөлімшелерінде болды. Бұл – Қызылжар ауданына қарасты Налобино ауылындағы «TALSAI» бақылау-өткізу пункті. Халық қалаулысы шенділермен әңгіме барысында мұндағы өмір сүру сапасына қатысты сұрақтар қойды.

ӘЛІБЕК ШАЯХМЕТОВ, «Талсай» шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, Қызылжар ауданы:
– Казармада 32 адам қызмет ететіндіктен орын жеткіліксіз. Сондықтан кейбіреуін іс-сапарға немесе кезекті демалысқа жібереміз. Жылдың соңында барлығы қызметтерінде болады. Біреулері пәтер жалдайды, 2-3 адамнан қосылып тұрады.01,27 Казарманы жаңадан салып, аумағын үлкейтсек жақсы болар еді. Қыста техника жүрмейді. Сондықтан шекараға жаяу шығамыз.

Кейін Бақытбек Смағұлов ат басын Мамлют ауданына бұрды. Нақтырақ айтсақ, Белое ауылы маңындағы «Ақкөл» шекара бөлімшесінде болды. Белгілі болғандай, бұл жердегі казарма бұрынғы балабақшалар мен әкімдіктердің ғимаратында орналасқан. Жаңа нысандарды салу шамамен 2-3 жылдан соң бастау алмақ.

ӘЛІБЕК МӘДИЕВ , «Ақкөл» шекара бөлімшесінің бастығы, Мамлют ауданы:
–  Осы жылы бөлімше қызметкерлері шекараны кесіп өтпекші болған орталық Азия республикасының азаматтарын ұстаған. Қазіргі таңда учаскеде инженерлік құрылыстар және шекара бекетінде инженерлік бөгеуіштер орналастыруға кірісейін деп жатырмыз.

Өз кезегінде Бақытбек Смағұлов қызметшілерге «Қаһарман» атты туындысын табыс етті.

Ал “Жаңажол” шекаралық бақылау бөлімшесі Белое ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан. Күн сайын Қазақстан-Ресей шекарасындағы бекеттен 3 мыңнан астам адам өтеді. Мамандар барлығын арнайы металл іздегіш арқылы тексереді. Сонымен қатар, мұнда кинологтар мен үйретілген иттер де жұмыс істейді.

БАХТИЯР ЮСУПОВ, “Жаңажол” өткізу бекетінің бастығы, Мамлют ауданы:
– Қазіргі таңда өткізу пункті толық режимде жұмыс істеп тұр. Жолаушылар тасымалы – тәулігіне 3200 бен 1500 көліктің аралығында. Жалғыз мәселе – кіреберістегі жолды жөндеу.

Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлов шекарадағы барлық бөлімшені аралайды. Кейін өзекті мәселелерді елордаға жеткізбек.


Самал Жунусова