МТРА жаңалықтары

Муслим Магомаевтың құрметіне арналған сапар

 

Хурсанд Шеров бірнеше жылдан бері қос дөңгелекті көлікпен ел мен жер аралап жүр. Әрбір сапарында саяхатшы Кеңес Одағының әртісі Муслим Магомаевты аузынан тастамайды. Әншінің әндерін айтады, өмірінен сыр шертеді. Кезекті жорығы барысында бүгін Хурсанд Шеров Петропавлға ат басын бұрды.

ХУРСАНД ШЕРОВ, Өзбекстанның театр әртісі
– Мен халықтар достастығы туын көтеріп жүрмін. Муслим Магомаевтың өлеңдерін естіп өстім. Ол кісінің дауыс ырғағы, ән айту мәнері – барлығы ұнайтын. Талайды тамсандырған өте талантты жан еді.

Сапарын өз елінен маусымның 26-сы күні бастаған азамат Қырғызстанға соғыпты. Кейін Қазақстан шекарасынан өтіп, Жібек жолы бағытында жүріп, аққайыңдар өлкесіне табан тіреп отыр. Енді Хурсанд Шеров Мәскеуге бет алмақ. Тамыздың 17-сі күні өнерпаз Ресей астанасында Муслим Магомаевтың туғанына 80 жыл толуына орай кеш өткізбек. Кеңес Одағының әртісі көзі тірі болса биыл 80 жасқа толар еді.

ХУРСАНД ШЕРОВ, Өзбекстанның театр әртісі
– Мәскеуден кейін Санкт-Петербор қаласына, одан Кавказға барамын. Сондай-ақ, Муслим Магомаевтың ата-бабалары тұрған Дағыстан жеріне ат басын бұрмақшымын. Сапарымды әртістің туған жері Әзірбайжанның Баку қаласында аяқтаймын. Барған жерімнің барлығында тау тұлғаның әндерін шырқаймын.

Жалпы, бүгін саяхатшымен кездесуге ҚХА-сына Муслим Магомаевтың әндерін сүйіп тыңдайтын солтүстікқазақстандықтар жиылды. Кездесу барысында өнерсүйер азаматтар Хурсанд Шеровқа Муслим Магомаевтың әндерін орындап беріңіз деп қолқа салды.


Алдияр Айтпаев