МТРА жаңалықтары

Биыл облыс жолдарында 19 адам қаза тапты

 

Жылдамдықты асыру, солға дұрыс бұрылмау. Көлік жүргізушілері тарапынан жасалатын қателіктердің басым көпшілігі осындай дейді полиция қызметкерлері. Жолдағы қателіктің салдары орасан.
Облыста жыл басынан бері 130-ға жуық жол-көлік оқиғасы болған. Оның қырқында көліктер алдымен соғылған. 6 айда облыс жолдарында 19 адам қаза тауып, 191 адам жарақат алды. Мұндай келеңсіз жағдайлардың санын азайту мақсатымен тәртіп сақшылары “Қауіпсіз жол” жедел-алдын алу шарасын өткізіп жатыр.

Азат Зейнолов, қалалық ПБ ППБҚ аға инспекторы

– Аталған шара аясында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Кез келген көлікті тоқтатып, рөлде отырған адамның құжаттарын тексереді. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілермен қауіпсіздік жөнінде әңгімелеседі.

Облыс жолдарында болған жол-көлік оқиғаларында жапа шеккен жаяу жүргіншілер аз емес. Жыл басынан бері жаяу кетіп бара жатқан адамды соғудың 33 фактісі тіркелген. 5 адам қаза тауып, 35-і жарақат алды.

Азат Зейнолов, қалалық ПБ ППБҚ аға инспекторы “Жаз кезі болғандықтан көшеде балалар көп жүреді. – Осы орайда көлік жүргізушілерін жылдамдықты асырмай, абай жүру қажеттігін ескертеміз. Әсіресе, жаяу жүргіншілер жолағы мен балалар шығып қалуы мүмкін тұстарда аса сақ болу керек.

“Қауіпсіз жол” шарасы барысында полиция қызметкерлері жолда 270-тен астам түрлі құқық бұзушылық тіркеген. 6 жүргізуші рөлге масаң күйде отырған, 14 адам көлікті жүргізіп келе жатып телефонмен сөйлескен. Олардың барлығы жауапкершілікке тартылды. Нәтижесі бар “Қауіпсіз жол” шарасы тамыздың ортасына дейін өткізіледі.


Гульден Симбаева