ТЖ

Судағы қауіпсіздік

 

Шомылу маусымы басталғалы рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылатындардың қатары көбеймесе, азаймай отыр. Құтқарушылар тарапынан айтылған ескерту сол күйінде қалып жатқан сыңайлы. Азаматтар құлақ асар емес.
Мамандардың айтуынша судағы қайғылы жағдайлардың басым бөлігі осы ескертуді елемегендіктен болады, яғни арналмаған жерде шомылады, баланы су жағасында қараусыз қалдырады. Жыл басынан бері облыста 20 адам суға батып кете жаздаған, соның алтауы – бала.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары
– “Суға шомылу маусымы басталғалы еліміздің су айдындарында 160 адам, оның ішінде 55 бала тілсіз жаудың құрбаны болды. Ал облыс бойынша 3 адам суға батып кетті, оны біреуі – бала. Өткен жылы 22 адам суда қаза тапты, 6-уы – бала. Соңғы 10 жылда облыста суға шомылуға рұқсат етілмеген жерде 214 адам суға кетті, оның 34-і – бала”.

Жалпы, облыс бойынша шомылуға рұқсат етілген 58 орын бар. Петропавлда Пестрое көлі мен қалалық жағажайда демалуға болады. ТЖД-ның қызметкерлері профилактикалық шара өткізуден жалығар емес. Іске тәртіп сақшылары мен еріктілер де тартылған.

МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары
– Ата-аналарға айтарымыз, су жағасына баланы әкелдіңіз бе, қарау керек. Тіпті, 1-2 минут болсын назардан тыс қалдырмау керек. Арнайы жағажайдың өзінде суға түсетін аумақ қалқымамен белгіленген. Одан ары қарай асып кетуге болмайды.

Айтпақшы, ережені елемегендер жазаға тартылады. Мамандар биыл белгіленбеген жерде суға шомылған 450-ге жуық адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Су жағасында ішімдік ішкендер де жауапкершілікке тартылды. Мұндай 300-ден астам адам анықталған.