Спорт

Петропавлдық “Qyzyljar” хорватиялық “Осиек” клубына есе жіберді

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде петропавлдық “Qyzyljar” хорватиялық “Осиек”-ке қарсы алғашқы матчын өткізді. Ойын бастала салысымен солтүстікқазақстандық команданың жігіттері бірден шабуылға көшіп, біраз гол соғатын сәт туғызды. Бірақ, бұл әрекеттері нақты нәтижеге жеткізбеді.

Матчтың екінші таймында хорватиялық қонақтар есеп ашты. Қарсыластар жағынан Михрет Топчагич есімді футболшы қапталдан көтерілген допты басымен қақпаға тура бағыттап, алғашқы гол авторы атанды. Бұл қарқыннан таймай арада 18 минут өткен соң қарсыластар “Qyzyljar” командасына 2-ші голды соқты. Осы кездесуде “Qyzyljar” ұпай еншілемесе лигада қалуы екіталай еді. Алайда, “Осиек” командасының бір ойыншысы матчтың аяқталар сәтінде, яғни, 86-шы минутта байқаусызда өз қақпасына доп салып, жағдайды өзгертті. Қос команда арасындағы қарымта кездесу енді, шілденің 28-і күні «Осиек»-тің стадионында өтпек.


Бердимурат Баймухан