МТРА жаңалықтары

Өңір тұрғындарының 81%-ы интернетке әлеуметтік желіде отыру үшін кіреді

 

Солтүстікқазақстандықтардың 81%-ы интернетке әлеуметтік желілерде отыру үшін кіреді.

Бүгінде ғылым мен технология қарыштап дамып жатқан заман. Барлық елдер қағазбастылықтан арылып, маңызды құжаттарды, мәліметтерді бұрынғыдай шкаф сөрелерінде емес, компьютерлерінде сақтайды. Мысалы, қазір түрлі мемлекеттік не болмаса жеке кәсіпорындардың жұмыс орнына бас сұқсақ, әр кабинетте бір емес, бірнеше компьютерден тұрғанын байқауға болады. Осы ретте облыстық статистика департаменті бөліскен мәліметке кезек берейік. Орташа алғанда өңірдегі 1 кәсіпорынға немесе ұйымға 9 компьютердан келеді екен. Оның жетеуі міндетті түрде интернет желісіне қосылған. Өңірде соңғы 5 жыл ішінде интернет желісі арқылы алынған тауарлар мен қызмет көрсетудің жалпы көлемі 2,8 есеге өсіпті.

ДАНИЯР ИМАНБАЕВ, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:
-Мемлекеттік органдармен байланысу үшін интернет қолданатын мемлекеттік басқару кәсіпорындары мен ұйымдардың үлес салмағы 97,3%-ды құрады. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларға жұмсалған жалпы шығын 5 жыл ішінде 43,3%-ға артып, 2021 жылы 3,5 млрд теңгені құрады. Соңғы 5 жылда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар секторы ұйымдарының негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 24,1 млрд теңгені құрады. 2016 жылға өсу қарқыны – 1,9 есе.

2021 жылдың қорытындысына сәйкес, солтүстікқазақстандықтардың 89,7%-ы интернетпен толыққанды қамтамасыз етілген. 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 80 пайызға да жетпепті.

ДАНИЯР ИМАНБАЕВ, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:
– Ғаламторды пайдаланудың негізгі мақсаты – ақпарат орналастыру немесе хабарлармен шапшаң алмасу – 88,7%, әлеуметтік желілерге қатысу – 81,3, фильм, музыка жүктеу, бейне көру, музыка тыңдау, ойындар – 76,1, тауарлар мен қызметтер туралы ақпарат алу – 38,5, электрондық пошта жөнелту және алу – 31,3, денсаулық сақтаумен немесе денсаулық сақтау саласындағы қызметтермен байланысты ақпарат іздеу – 27,6, чат, блог, жаңалықтарға қолжетімділік 22,9% болып табылды.

Статистик мамандардың айтуынша, солтүстікқазақстандықтардың 90,7 пайызы кемінде күніне бір рет интернет желісін пайдаланады.

Дана Ешкенова