МТРА жаңалықтары

Бос орындар жәрмеңкесі енді онлайн режимде ұйымдастырылады

«Enbek.kz» электрондық еңбек биржасында жаңа мүмкіндіктер пайда болуда. Қазіргі күні жұмыс беруші жандар үйде отырып-ақ өздеріне қызметкер іздей алады. Мұндай мүмкіндікке қол жеткізу үшін аталған порталға тіркелсе болғаны дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы Әлия Шәйкенова.

Әлия Шәйкенова, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:
– Аталған платформада жұмыс берушілер өздерінің электронды цифрлық қолтаңбалары арқылы жеке кабинет ашып, сол жерде вакансияларын орналастыра алады. Одан бөлек өңір тұрғындары жұмыс іздеуші және жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Жыл басынан бері порталда 7 мыңнан астам вакансия жарияланды және екі қолға бір күрек таппай жүрген 5 мыңнан астамы еңбекпен қамтылды.

Электрондық порталдың игілігін жақында Альбина Сембина есімді жерлесіміз пайдаланып көрген екен. Нәзікжанды биыл Қозыбаев университетін тәмамдаған соң бірден порталға өтініш беріпті. Нәтиже көрсеткендей, мұндағы мамандар Альбинаға қысқа уақыттың көлемінде жұмыс тауып берген.

Альбина Сембина, қала тұрғыны:
– Университет тәмамдаған соң электрондық биржа порталына кіріп, жұмысқа орналасу жөнінде өтініш тастадым. Кейін осында келдім. Мұндағы мамандар маған өз мамандығым бойынша жұмыс табуға көмектесті. Барлығын үйде отырып өте оңай жасауға болады екен. Алдағы уақытта енді облыстық әкімдікте “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша қызмет етемін.

Биылғы жаңашылдық электрондық еңбек биржасының «Еңбек таңда» бөлімінде енді жалпыреспубликалық ұлттық онлайн бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңкеге 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар мен жоғары оқу орнын тәмамдаған студенттер де қатыса алады. Мұнда Қазақстанның барлық өңірлерінен жетекші компаниялар қатысып өздеріне қызметкер іздейді. Осылайша, өңір жастары Солтүстік Қазақстанда ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарынан жұмыс таба алады.


Бердимурат Баймухан