МТРА жаңалықтары

Бескөл ауылының тұрғыны жеке кәсіп ашты

 

Ұялы телефон дәуірінде тапжылмай қараудан көзге зақым келетіні айтпаса да түсінікті.
Біреуі ерікеннен, біреуі жұмыс бабымен қарайды. Содан көруім нашарлады деп дәрігерге барғанда көзілдірік пен линза жазып береді. Бескөлдік тұрғын Татьяна Анохина қоғамның сұранысына сай кәсіп бастап отыр. Нәзікжанды “Еңбек” бағдарламасы аясында оптика дүкенін ашқан.

ТАТЬЯНА АНОХИНА, Бескөл ауылының тұрғыны:
– Өткен жылы атаулы әлеуметтік көмек алып жүрдім. Кейін «Еңбек» бағдарламасы туралы естіп, сол бойынша өтініш жаздым. Бұл бағдарлама аясында 440 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болдым.

Татьянаның айтуынша, бұл кәсіптің қыр-сырын бұрыннан біледі екен. Алматыда 10 жыл бойы оптика дүкенінде сатушы-консультант болып жұмыс істеген.

ТАТЬЯНА АНОХИНА, Бескөл ауылының тұрғыны:
– Туған жеріме келуді жөн көрдім. Ал оптика дүкенін ашу жөнінде Алматыда жұмыс істеген нысанның қожайыны кеңес берді. Өз дүкенін жапқысы келіп жүрген азаматтың мүлкін мен сатып алдым. Ойымды ұтып алған гранттың көмегімен жүзеге асырдым. Жалпы, барлық іске, яғни Алматыдан дүкенді көшіріп әкеліп, тауарға тапсырыс беру үшін 1 млн теңге көлемінде қаражат кетті.

Татьянаның айтуынша, бұл Бескөл ауылындағы алғашқы оптика дүкені екен. Тұрғындар келгенде алғыстарын білдіреді дейді. Әсіресе, аға буын өкілдері. Себебі, оларға көзілдірік алу үшін әрдайым Петропалға бару қиынға соғады. Жалпы, Қызылжар ауданында кәсіпкерлікке кедергі жоқ. Шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүзеге асырылып жатыр.

АСЛАН АРЫҚОВ, Қызылжар ауданы жұмыспен қамту орталығының маманы:
– Қызылжар ауданы бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында өткен жылы 2 бағдарлама орын алған. Біріншісі – несие алу. 2021 жылы 55 адам кәсіпті дамыту бойынша несие алған. Жалпы сомасы – 210 млн теңге. Дені мал шаруашылығын дамыту және өсімдіктер шығару үшін алған. Ал екінші бағдарлама грант бойынша. 2021 жылы 85 адам грантқа ие болды. Жалпы сомасы 44 млн теңгеден асады. Бұл жағдайда да көбісі мал шаруашылын дамыту үшін алған.

Биыл 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба іске асырылуда. Бұл бағдарлама аясында Қызылжар ауданының 16 тұрғыны қайтарымсыз грантқа ие болған.


Самал Жунусова