МТРА жаңалықтары

“AMANAT” партиясының қоғамдық кеңес отырысы өтті

“AMANAT” партиясының қоғамдық кеңес отырысы өтті. Кезекті бас қосуда депутаттар екі мәселені қаузады. Біріншісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға қатысты. Соңғы аптада бұл санаттағы тауарлардың индексі 102% құраған екен. Бағасы жиі құбылғандар сарымсақ, қант пен картоп. Жыл басынан бері
аталған өнім түрлерінің құны кем дегенде 150 пайызға қымбаттаған.

ДАНИЯР ИСАЕВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары
–  “Солтүстік” ӘКК” АҚ өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру жөніндегі мамандандырылған ұйымның функцияларын орындайды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорын қаржыландыру 1,7 есеге, яғни, 1,9 млрд теңгеден 3,4 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Осыған байланысты өнім сатып алу көлемі 10 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсті. Бүгінде тұрақтандыру қорында 2,5 мың тонна өнім бар.

Қазіргі уақытта қантқа деген сұраныс көп. Осыған байланысты “Солтүстік” корпорациясы Көксу қант зауытынан 204 тоннасын, ал Тараздағы өндіріс орнынан 816 тоннасын әр келісіне 450 теңгеден сатып алған. Тауардың алғашқы легі шілде айының соңында келеді. Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі қант тапшылығына қатысты жағдай жеке мәселе ретінде шығарылды.
Мемлекет басшысы дүкендердегі жағдай көңіл көншітпейтіндігін айтты. Сол себепті, Президент шұғыл түрде қант өндіру саласын дамыту бойынша жеке салалық жоба әзірлеуді тапсырды. Әзірге, Қазақстан импортқа 90%-ға тәуелді. Көрші елдің әрекеті Қазақстанға кері әсер етуі мүмкін. Сөз Ресей қарастырып отырған астықққа экспорттық кедендік баж салығын енгізу жайында болып отыр.

Жанат Тоқсанбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
– Экспорттық баж салығын енгізу біздің еліміздің фермерлеріне кері әсерін тигізеді. Себебі, оны енгізу кезінде астық экспорттаушы аграрийлер біраз шығынға ұшырауы мүмкін. Сондай-ақ, салдарынан нарықтағы орнымыздан да айырылып қалуымыз ықтимал.

Әдеттегідей жиын барысында баян етілген мәселелер мен ұсынымдар бейінді министрліктің қарауына жіберілді.

Алдияр Айтпаев