МТРА жаңалықтары

Жануарлар туралы ерекше көрме ашылды

Тілі жоқ болса да көздері сөйлейді. Жануардың қуанғанын да, мұңайғанын да жанарынан байқауға болады. “Жануарлардың жаны бар. Біз қолға үйретілгендер үшін жауаптымыз!» дейді фотограф Станислав Иванов. Фотокөрмені өткізудегі мақсат та осы – адамзатты өзінен кішкентай әрі әлсіз үй жануарларына назарын аударту. Станислав Иванов түсірген фотосуреттердің кейіпкерлері – «Белый Бим» мен «Исаковтың баспанасы» жануарлар үйінің төртаяқтылары. Барлығы – 40-қа жуық туынды әзірленген. Мұнда сүйкімді күшіктер де бар, ересек иттер де аз емес. Біреуін фотоға түсірудің өзі оңайға соқпаған екен.

СТАНИСЛАВ ИВАНОВ, фотосуреттер авторы:
– Әрине, жануарларды суретке түсіру оңай емес, себебі олар бір орында отырмайды. Әйтеуір, тәлімбақ қызметкерлерінің көмегімен қолымыздан келгенін жасадық. Біз жануарлармен тез тіл табысып кеттік, түрлі дәмді тағамдар бердік. Алдағы уақытта осыған ұқсас мысықтардың фотокөрмесін өткізу жоспарда бар.

Ит – адал әрі сенімді серік. Көп жағдайда адамзат баласы бұл адалдыққа немқұрайлықпен қарайды дейді жануар жанашырлары. Далада қаңғып қалған төртаяқтылар тәлімбақтан пана табады. Қазіргі уақытта «Белый Бим» деп аталатын жануарлар үйінде 500-ге жуық ит болса, «Исаковтың баспанасында» 240 иттен бөлек 300-ге жуық мысық та бар екен. Аталған қос жануарлар үйінің басшысы Екатерина Королеваның айтуынша төртаяқтыларды далаға тастау жағдайлары жиілеп барады.

ЕКАТЕРИНА КОРОЛЕВА, жануарлар үйлерінің басшысы
– Жануарлардың сезімін білу үшін көздеріне қарасаңыз жеткілікті. Үйсіз қалған ит-мысық қайта пана тауып, адам баласының жылулық танытқанын қалайды. Шынымен де, далада қалып жатқан төртаяқтылар өте көп. Онымен қоса, жануарлар үйіне көмек-қолдау көрсетіп тұратын жанашыр жандар қатары да азайды. Оған карантин әсер еткен болуы керек. Осындай шаралар бұл жағдайдың түзелуіне септігін тигізеді деген үміттемін.

Екатерина Королева өскелең ұрпақты тәлімбаққа жиірек әкелуді ұсынды.
Бұның тәрбиелік маңызы зор дейді. Баланың бойында жануарларға деген мейірім мен қамқорлық сезімі қалыптасады. Жануарлардың табиғаттың ажырамас бөлігі екенін ұмытпайық.

блиц
–  Мен өзім жануарларды өте қатты жақсы көремін. Мейірімділік сезімі менде бірінші орында тұрады. Сондықтан, бұндай шараларды көргенде мен шын жүректен қуанамын.
– Осындай жақсы іспен айналысатын адамдар бар екені қуантады. Өзімнің мысығым бар. Оны жуырда ғана далада кезіктіріп, қамқорлығымызға алдық. Оған жаңа өмір сыйладым деп ойлаймын.

Айта кетейік, көрмеге келушілер қалаған суретті сатып ала алады.
Мәселен, мына туынды 5 мың, ал бұдан үлкенірегі 10 мың теңге тұрады.
Жиналған қаражат қаладағы қос жануарлар үйіне бағытталады. «Qyzyljar» арт-орталығында қанат жайған көрме 2 апта бойы өтеді.

Самал Жунусова