МТРА жаңалықтары

Петропавлда көшеде зейнеткерді тонап кетті

Ғ.Мүсірепов көшесімен келе жатқан зейнеткерге біреулер кешке таман бас салған. 73 жастағы қария «102» нөміріне хабарласып, біреудің оны құлатып, қолындағы барсеткасын алып қашып кеткенін айтқан. Сөмкенің ішінде телефон мен флэш-карта болған.

– Мен тез түрегелгім келді, бірақ аяғымды сезбедім. Кейін қалпына келді. Мен оған не істеп жатырсың, тым болмаса құжаттарды тастап кетсеңші дедім.

Көзінің мүкістігі бар қария тонап кеткен адамды сипаттай алмаған. Қылмыскер жақын жерде тұрған бейнекамералардың көмегімен анықталды. Ұры келесі күні басқа камераға түсіп қалып табылды. Ол азық-түлік дүкенінің кассасынан 250 мың теңге ұрлап кеткен. Күдікті қамауға алынды.

Мейрам Сәрсенбаев, қалалық ПБ бірінші полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкері

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 1982 жылы туған Петропавл қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Кінәсі қылмыстық істегі материалдарымен дәлелденіп, заттай дәлелдемелер қылмыстық іс материалдарына қосылды.

Күдікті жасаған ісіне өкініп, бұндай әрекетке баруға не түрткі болғанын өзі де түсінбеген.

-Ақша керек болды. Сөмкеде ақша деп ойладым. Сөмке қалың болып көрінді. Жасаған әрекетіме өкініп отырмын, шатасып кеттім.

Полицейлер аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-ші бабы «Тонау» және 188-ші бап «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын жүргізіп жатыр. 39 жастағы қала тұрғыны бұған дейін осыған ұқсас әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бүгінде ол қамауға алынды. Ұрланған дүние зейнеткерге қайтарылды.

Данаш Хамзина