Денсаулық сақтау

Петропавл тұрғындары скринингтен өтуде

4-ші қалалық емханада биыл скринингтен өткен 130-ға жуық нәзікжандыдан сүт безі обыры анықталды.

Дәрігерге дер кезінде қаралып, скринингтен уақытында өту аса маңызды іс. Алайда, кей солтүстікқазақстандықтар бұл процедураға мән бермей, ауруды асқындырып алып жатады. Адам бойындағы қатерлі дерт асқынып кеткен жағдайда айықтыру қиынға соғады дейді ақ халаттылар. Мәселен, ағымдағы жылы «Денсаулық» жекеменшік коммерциялық емес мекемесінде 40 пен 70 жас аралығындағы 900-ге жуық нәзікжанды сүт безінің қатерлі ісігі мен қауіпті аурулар скринингінен өтіпті. Өкінішке қарай, нәтиже көңіл көшітпейді. Тексеру барысында 128 әйелден сүт безі обыры анықталды.

Алмат Қайырбеков, «Денсаулық» жекеменшік коммерциялық емес мекемесінің жалпы тәжірибелі дәрігері:
– Біздің емханада 40 пен 70 жас аралығындағы жандарға қан айналым жүйесі ауруларының скринингі жүргізіледі. Созылмалы жүрек ауруларын дер кезінде анықтауға болады. Сондай-ақ, әйелдер мен ерлер арасында глаукома дертіне тексерілуге болады.

6 айдың ішінде орталықта 1379 адам қан айналымы жүйесі ауруларының скринингісінен өтіпті. Тексеру барысында 47 жаннан жүрек және қан тамырлары аурулары анықталды. Ал 1360 адам қант диабетіне тексеріліпті. Олардың 13-інде аталған аурудың бары белгілі болды. Жоспарлы тексеруден өту үшін адамдар учаскелік дәрігерлерге жүгінулері қажет. Осы ретте айта кетейік, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған жандар онкологиялық аурулар скринингісінен ақылы түрде өтеді екен. Ал қалған скринингтік тексерулер барлық тұрғындар үшін тегін. Сондай-ақ, бүгінде 4-ші қалалық емханада инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында профилактикалық екпе егу науқаны да қарқынды жүргізіліп жатыр.

Алмат Қайырбеков, «Денсаулық» жекеменшік коммерциялық емес мекемесінің жалпы практика дәрігері:
– Екпе алар алдында міндетті түрде терапевттің консультациясынан өту қажет. Мемкемеде 15-17 жастағы ұл-қыздар мен ересектерге сіреспе мен дифтерияға қарсы екпе қойылуда. Бұл екпені алған адам әр 10 жыл сайын вакцина алып отыруы тиіс.

Жарты жылдың ішінде 4-ші қалалық емханада 550-ден астам адам сіреспе мен дифтерияға қарсы вакцина салдыртқан.

Дана Ешкенова