ТЖ

Өзен-көлдерде кезекті рейд өткізілді

Шомылу маусымы басталғалы рұқсат етілмеген жерлерде суға шомылатындардың қатары көбеймесе, азаймай отыр. Тіпті, 112-ден арнайы ескерту жіберілсе де оны елемейтіндер көп. Облыстағы суға шомылу орындарында төтенше жағдайлар департаменті мен тәртіп сақшылары бірлесіп күн сайын рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр. Петропавл қаласы бойынша суға шомылуға рұқсат етілген жерлер қалалық жағажай мен Пестрое көлі ғана.

Қуат Махметов, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:
– Полиция қызметкерлерімен бірге осындай профилактикалық-рейдтік шара өткізу барысында суға түсуге рұқсат етілмеген орындарда шомылғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-бабы бойынша айыппұл немесе ескерту саламыз. Қала тұрғындары мен қонақтары су жағасындағы демалу орындарында өздерінің қауіпсіздігіне ерекше назар аударулары қажет.

Былтырғы статистика жаға ұстатады. Өткен жылы өңірде 32 адам су құрбаны болды. Оның 6-уы – бала. Рейд барысында мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң ұстану қажеттігін ескертті. Күннің ыстығында сая іздеп су жағасына келген демалушыларға полиция қызметкерлері қауіпсіздік ережелері жазылған жаднама таратып, түсіндіру жұмысын жүргізді.

БЛИЦ
– Көлге түсіп жатырмыз. Терең жаққа баруға болмайды. Қауіпсіздік шараларын да сақтау қажет. Кішкентай балаларымды әкелдім. Жағада түсіп жүр. Ары қарай алыстамайды.
–  Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаймыз, бар назар балаларда. Арнайы қойылған қоршаулардан алыс кетпеу қажет.

Шомылу маусымы басталғалы биыл облыс аумағында 3 адам суға кетті. Оның біреуі – бала. 20-дан аса адам құтқарылған.

Самал Жунусова