МТРА жаңалықтары

Өсімдік шаруашылығын мықтап қолға алған жас кәсіпкер

Қаланың өмірін ауылға айырбастап, өсімдік шаруашылығын мықтап қолға алған жас кәсіпкер.

Евгений Золотарёв осыдан 6 жыл бұрын Петропавлдан М.Жұмабаев ауданына қарасты Медвежка ауылына қоныс аударыпты. Шаһардан ауылға көшіп барған кезде қалтасында артылған ақша – бар-жоғы 80 мың теңге ғана болған екен. Соны тиімді кәдеге жаратып, ауылда мал шаруашылығын қолға алған. Басында 3 бұзау мен 3 торай сатып алыпты. Бір жылдың ішінде Евгений қорадағы бұзаудың санын 13-ке дейін жеткізіпті. Мал шаруашылығымен ғана шектелмей, ауылда азық-түлік дүкенін ашуды жөн көріпті.

Евгений Золотарёв, «Золотарёв Е.В.» ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:
– Дүкенде сауда қызу жүрді. Әсіресе, халық арасында қырыққабатқа деген сұраныс жоғары болды. Соны байқап, неліктен ауылда осы өсімідік түрін өсірмеске деген ой келді. Бұл идеяны іске асыру үшін аудан әкімдігіне бардым. Сол жерде бағбаншылықпен айналысу үшін 4 гектар жер беру туралы өтініш жаздым. Өтінішім бірден қабылданып, жер берілді. Бірінші жылы 20 сотық аумаққа 3 мыңға жуық қырыққабат ектім. Күніне өзім қолдан екі рет суарып жүрдім.

Ісі оңға басқаннан кейін Евгений тамшылатып суару жүйесіне көшкен, егіс алқаптарының аумағын да кеңейткен. Оған қоса, голландық қырыққабаттың тұқымын еге бастаған. Енді әр жыл сайын тек осы берекелі тұқымды егеміз дейді іскер жан. Азамат тағы жыл он екі ай өнім беретін жылыжай салуды армандапты. Ол үшін кәсіпкер бірнеше рет «Аграрлық несие корпорациясына» жүгінген. Биыл аталған ұйым бизнесменннің жобасын қолдап 5 млн теңге көлемінде грант бөлген. Қазіргі таңда 10 сотық жерде жылыжайдың құрылысы жүріп жатыр.

Евгений Золотарёв, «Золотарёв Е.В.» ЖК директоры, М.Жұмабаев ауданы:
– Жылыжайдың құрылысы аяқталуға жақын. Жұмыстың 95 пайызы дайын. Тек қоқысты шығарып, сыртын баяу ғана қалды. 5 күннен кейін ішіне көкөніс егуді жоспарлап отырмын. Бұйырса, жылыжайдың ішінде қияр, қызанақ, жасыл пияз бен аскөкті жыл бойы өсіреміз. Өнім жергілікті дүкендерде саудаланады. Жаңадан қолға алған шаруам бұл жолы да оң нәтижесін береді деген сенімдемін.

Жалпы, ауылшаруашылық жобаларды қаржыландыруға жергілікті «Аграрлық несие корпорациясына» жыл сайын республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бөлініп отырады. Қазіргі таңда аталған ұйым кәсіпкерлерді “Іскер” бағдарламасы бойынша қаржыландыруда.

Жанар Жағыпарова, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚОФ несие жөніндегі менеджері:
– Егістікке айналым қаражатын толтыру мақсатында 12 айға 6 млн теңгеге дейін беріледі. Сыйақы мөлшерлемесі – 6 пайыз.

Айта кетейік, ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда агроөнеркәсіп ісін қолға алғысы келетін жандарға корпорация 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беруге дайын. Осы мақсатта жуырда ұйымға қыруар қаржы түспек.

Дана Ешкенова