МТРА жаңалықтары

Айыртау ауданындағы Әлжан ауылының 90 жылдығы аталып өтті

Айыртау ауданындағы Әлжан елді мекенінде ұлан асыр той болды. Шілденің 16-сы күні ағайын ауылдың 90 жылдығын тойлады. Атаулы датаны мерекелеуге 500-ден астам адам жиылды. Дүйім жұрттың дені – жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ, дүбірлі думанға шеттен де қонақтар келіпті.

БЛИЦ:
–  Әкем 1947 мен 1968 жылдар аралығында осындағы колхоздың төрағасы болды. Ал қазір бұл қожалықты оның немерелері басқарады. Ауылымның гүлденіп, дамып келе жатқанына қуаныштымын.
– Әлжан ауылының 90 жылдық мерейтойына Көкшетаудан арнайы келдім. Мұнда менің ағам тұрады. Бұл жер мен үшін ерекше. Ауасы таза, бойға тыныштық сезімін ұялатады.
– Табиғаты өте әсем. Бұлақ ағып жатыр. Көлі қандай тамаша? Қаланың шуынан демалатын тамаша орын.

Әлжан ауылы Теңбай Ибраев үшін балғын балалық шақ өткен ыстық мекен.
Азамат түтіні түзу ұшқан елді мекенде білім алыпты.

ТЕҢБАЙ ИБРАЕВ, Ақмола облысы мемлекеттік кірістер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Бұл ауыл мен үшін ыстық. Ауылдың 90 жылдығы тойланады дегенді естіп бүгін міне келіп қалдық. Өте қуаныштымын. Бұл ел – киелі бір ауыл. Тойды бүгін жақсылап өткізіп жатыр. Той құтты болсын!

Ауылдың 90 жылдығына Теңбай Ибраев құр қол келмеген. Азамат ауыл тұрғындарына Социалистік Еңбек Ерлерінің өмірбаяны жазылған кітап сыйға тартты. Тізімде Әлжан ауылының тумасы Кенжетай Рамазанов та бар.

СЫМБАТ ХАСЕНОВА, Кенжетай Рамазановтың қызы
– Мен Социалистік Еңбек Ері Кенжетай Рамазановтың қызымын. Осыдан 5 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласына көшіп кеткен едім. Бүгін міне балам мен немеремді алып ауылымызға келдік. Осы киелі топырақта дүниеге келіп, өсіп-өндім.

90 жылдың ішінде Әлжан ауылының атауы 3 рет өзгертіліпті. 1932 жылы енді ғана қазығы қағылған елді мекен Сабырлы деп аталған. Кейіннен Сталин деген атқа ие болып, соңында Әлжан деп өзгертілген екен. Қазіргі таңда ауылда бірнеше кәсіпкер ісін ірге домалатуда. Бүгінгі дүбірлі думанды ұйымдастыруға сол қалталы азаматтар белсенді қатысыпты.

Дүбірлі думанда спорттық шаралар да өткізілді. Өңіріміз бен Ақмола облысының толағайлары қазақ күресінен сынға түсіп, мықтыны анықтады. Сондай-ақ, білекті жігіттер білек күштерін де ортаға салды.

Ауылдың 90 жылдығында өзге де ойын-сауықтар болды. Қызықтан ешкім құр қалған жоқ. Сондай-ақ, тойда хош иісті палау пісірілді. Той соңы делебені қоздыратын бәйге мен құмай тазы жарысымен аяқталды.

Алдияр Айтпаев