МТРА жаңалықтары

Президент: жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келді

Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы жұмыс күшінің көші-қоны мәселесіне тоқталды. Президенттің сөзінше, қазір бұл – заңды құбылыс. Осы үрдіске қазақстандықтар да үйренуі керек. Нарық көрсеткендей, жағдайға көрші елдердің азаматтары жақсы бейімделіп алған. “Біз қандастарымыздың барлық салада, соның ішінде мемлекеттік қызметте еңбек еткенін қалаймыз. Олар Жаңа Қазақстанды құруға өз үлесін қосады деп сенемін”, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Тағы Президент жастарды жұмыспен қамтуға баса назар аударатын кез келгенін мәлімдеді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
– Елімізде өскелең ұрпақтың өзін-өзі дамытуына жағдай жасалып жатыр. Бірақ, нақты шараларға қарамастан жастарды жұмыспен қамту мәселесі толық шешілмей келеді. Кейбір аймақта жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі еліміздегі орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Әсіресе, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Алматы, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары соның қатарында. Үкімет және облыс әкімдері осы мәселеге айрықша назар аударуы тиіс. Жыл соңында тиісті қорытындысын шығарамыз.


Байболат Култанов