МТРА жаңалықтары

“Мерейлі отбасы” байқауының жеңімпаздары анықталды

“Мерейлі отбасы” облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды. Биыл бұл сайысқа аудандық кезеңнен сүрінбей өткен 28 жанұя қатысты.

Қалың көпшілік арасынан Ізбасаровтар әулеті ерекше көзге түседі. Айрандай ұйып отырған отбасы мүшелерінің барлығы ұлттық киім киіп алған.

Бүгін Ізбасаровтар “Ұрпақ тәрбиесі” номинациясында марапатталды. Яғни, ұл-қыздарының бойына сіңірген тәрбиесі мен адамгершілік қасиеттері үшін. Шынымен де балаларының барлығы тәрбиелі және өнерлі.

РАУШАН ІЗБАСАРОВА,
– Үлкен анамыз ән айтады. Жолдасым домбыра тартып, спортпен айналысады. Кішкентай ұлым қара жорға билейді. Үлкен қызым домбырамен ән айтады. Қалған екі қызым бимен айналысады. Өзім домбыра да тартып, ән де айта аламын. Осындай байқаулар облысымызда өтіп жатқандығына ризамыз.

Жалпы, жыл санап “Мерейлі отбасы” байқауына қатысушылардың саны артып келеді. Биылдың өзінде аудандық және қалалық кезеңдерге 77 шаңырақ қатысыпты. Айта кету қажет оның 40%-дан астамы көпбалалы жанұялар екен.

ӘСЕЛ ЕСЖАНОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің төрайымы
– Биыл қатысушылар бірнеше номинация бойынша марапатталды. Атап айтсақ, “Ел игілігі үшін еңбек ету”, “Шығармашылықтың жан-жақтылығы”, “Отбасым – менің байлығым”, “Ата-ана даңқы” мен “Ұрпақ тәрбиесі”.

3-ші орын Мамлют ауданынан келген отбасыға бұйырды. 2-ші орынды шалақындық жанұя иеленді. Ал петропавлдық Мухиндер әулеті “Мерейлі отбасы” сайысының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды. Бұл отбасылардың үшеуі де қыркүйек айында Нұр-Сұлтанда өтетін республикалық байқауға қатысады.


Алдияр Айтпаев