МТРА жаңалықтары

Республикалық жолдарда профилактикалық акция өтіп жатыр

 

 

Республикалық жолдарда профилактикалық іс-шара өтуде. Бүгін полиция қызметкерлері “ҚазАвтоЖол” өкілдерімен қаланың солтүстік кіреберісінде жұмыс істеп жатыр. Мамандар трассада темір тұлпар тізгіндеген жандарды тоқтатып, оларға жол қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Жаднама қағаздарын таратты.

Жалпы, мұндай іс-шараларды полиция қызметкерлері “ҚазАвтоЖол” өкілдерімен бірге жыл сайын өткізеді. Биылдыққа бұл – мамандардың бірлесе ұйымдастырған бірінші акциясы.

ҚУАНЫШ ЕСКЕНДІРОВ, “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры
– Республикалық жолдарда жол-көлік оқиғаларының күрт артуы байқалады. Жыл басынан трассаларда 24 жағдай тіркелді. Салдарынан 8 адам көз жұмып, 50-ге тарта адам түрлі дене жарақатын алған. Бүгін көріп тұрғандарыңыздай, көрсетілімге жол-көлік оқиғасына ұшыраған автокөліктерді шығардық. Бұнымен жүргізушілерге заң бұзу мен салғырттықтың арты неге әкеп соқтыруы мүмкін екендігін түсіндіргіміз келеді.

Жол-көлік оқиғалары өткен аптада да орын алыпты. Облыс аумағында 7 жағдай тіркелген екен. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 17 адам жарақат алған.

БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы
– Көлік құралдарының жүргізушілеріне қырағылық танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Сондай-ақ, автокөлік тізгініне отырар алдында жүргізушілер тек өз өміріне ғана емес, жолдағы басқа да жандардың денсаулығы мен өміріне жауапты екендіктерін ескерсе дейміз.

Қаланың солтүстік кіреберісінде өткен түсіндіру жұмыстарынан кейін мамандар шаһардың орталығына қарай бет алды. Олар қала көшелері мен Бескөл ауылын манағы жол-көлік оқиғасына ұшыраған автокөліктермен араламақ. Осылайша, жүргізушілерге заң бұзу мен салғырттықтың неге әкеп соқтыруы мүмкін екендігін қаперге салмақ.

Алдияр Айтпаев