МТРА жаңалықтары

Зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру

 

Елордада зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру жөнінде брифинг өтті. Ең алдымен мәселенің басын ашып алайық. Зияткерлік меншік дегеніміз – біреудің меншігіне берілмейтін және тек құқық иесінің келісімімен ғана пайдаға жаратылатын дүниелер. Олардың қатарына кітаптар, формулалар, тауар таңбалары мен логотиптер де кіреді. Осы орайда айта кетейік, 20 маусым күні Президент зияткерлік меншік туралы заңнаманы жетілдіру туралы заңға қол қойды. Бұл өзгеріс не нәрсеге ықпал етеді?

Ермек Алтынбеков, ҚР Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығы департаментінің директоры:
– Бізде жол картасы бар. Бұл картада 14 органның жұмысы қарастырылған. Оның ішінде кеден, медицина, ішкі істер саласы бар.

Ермек Алтынбеков салаларды жіпке тізе келе болашақта 14 органға қатысты зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау жұмысына қарқын қосылатынын айтты. Өзгеріс география саласын айналып өтпейді. Мұнда да талап күшейтіледі. Нақтырақ айтсақ, негізгі көрсеткіштердің сәйкес келуі басты назарға алынады.

Айдын Артықова, “Ұлттық зияткерлік меншік институты” РМК директорының орынбасары:
–  Географиялық көрсеткіштің ең негізгі талабы – тауар шығарылған жердің атауы сол тауарға тіркелуі керек. Мысалы, “Сарыағаш” деген минералды су бар. Біріншіден, бұл су Сарыағаш жерінде өндіріледі. Екіншіден, сол жерге тән қасиеттер сол судан табылуы қажет.

Президент қол қойған зияткерлік меншік туралы заңнаманы жетілдіру туралы заң 2 айдың ішінде жүзеге асады.


Байболат Култанов