МТРА жаңалықтары

Ташкентка ауылының тұрғындары таза ауызсумен қамтылды

 

Бұл – Қызылжар ауданындағы Ташкентка ауылы. Елді мекенде 250-ден астам адам тұрады. Яғни, шамамен 80 үй түтін түтетіп отыр.

Өткен жылы ауылдың орталық көшесінде құдықтар қазылып, үйді-үйге су тартылды. Ал шеткі көшелерде бұл іс биыл бастау алды. Маусымның 15-сінен бері “Қазмехмонтаж” серіктестігінің мамандары халық игілігі үшін ұзындығы 1800 метрлік су құбырларын орнатып, 13 құдық қазған. Қазір әрі үйге, әрі сапалы ауызсу келіп тұр.

Ауылдағы оң өзгеріске Надежда Федорова дән риза. Ауылда тұрғанына 30 жыл болса да сол отыз жыл бойы судан таршылық көріпті. Жалғызбасты зейнеткерге сәті түссе әлеуметтік қызметкерлер қолғабыс еткен, кей кезде тіршілік нәрін алуға ауылдың ар жағына өзіне баруға тура келіпті.

НАДЕЖДА ФЕДОРОВА, Ташкентка ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы
– 74 жастағы зейнеткер үшін әрине су мұнарасына дейінгі аралық алыстау. Ал қазір бау-бақша мен өзімнің қолданысыма қажет су үйге үздіксіз келіп тұр. Енді кіржуғыш машинасын орнатуды жоспарлап отырмын.

Тіршілік нәрі өтетін су құбырын су мұнарасынан құдыққа дейін тартуға облыс бюджетінен 10 млн теңге жұмсалған. Ал үйді-үйге тұрғындар өз қаражатына кіргізіп алған.

ЖАСЛАН БІРІМЖАНОВ, “Қазмехмонтаж” ЖШС бас инженері
–  Қазіргі таңда құдықтардың маңын жинастыру, жерін дұрыстау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Шаруаға 10 адам мен 4 техника жұмылдырылуда. Бүгінде 31 жанұяның үйіне су тартып бердік.

Жалпы, Қызылжар ауданында 69 ауыл болса, соның 49-ында осындай жүйе жұмыс істеп тұр дейді аудан әкімі Жанат Сәдуақасов.

ЖАНАТ СӘДУАҚАСОВ, Қызылжар ауданының әкімі
– Ауданымыз бойынша сумен қамтамасыз етуге 800 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Оның 467 млны-ы Якорь ауылына бағытталды. Құдықтан үйге дейін су құбырын тарту үшін тұрғындар 1 метріне 3-3,5 мың теңге төлейді.

Жанат Сәдуақасовтың айтуынша жоспар бойынша Қызылжар ауданындағы ауылдардың барлығы биыл сапалы ауызсумен қамтылады.


Алдияр Айтпаев