МТРА жаңалықтары

“Жасыл ел” жастары еңбек етуде

“Қызылжар” орман шаруашылығы. Қазіргі таңда мұнда “Жасыл ел” жасағаның сарбаздары тер төгуде. Оларға жүктелген міндет – жан-жақтың тазалығын қадағалау, өсімдіктерді суару мен арам шөптерді жұлу.

Аяна Хәкімова биыл Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінің 2-ші курсын тәмамдапты. Жылдағыдай жазғы демалысын Петропавлда өткізуге келген бойжеткен осыдан 10 күн бұрын “Жасыл ел” жасағына қосылған екен.

АЯНА ХӘКІМОВА, “JE SKO штабы” ҚБ жасағының сарбазы
– “Жасыл ел” туралы құрбымнан естіп осы жұмысқа орналастым. “Жасыл елді” таңдағаныма екі себеп бар: біріншісі, әрине, қаражат табу. Ал екіншісі “Жасыл елдің” мақсатымен байланысты. Бұл ұйым еліміздің экологиясы мен экономикасының ілгерілеуіне үлесін қосады. Мен де соған азғантай болсын өз үлесімді қосқым келеді.  Осында көптеген адамдармен танысып, жаңа достар таптым.  Жұмыс қиын емес. Маған ұнайды.

“Қызылжар” орман шаруашылығында 14 сарбаз еңбек етіп жүр. Оның 11-і осында, қалғаны Құйбышев базасында тер төгуде. Жұмыс кестелері таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін.

АНТОН ШИШКАНОВ, “JE SKO штабы” ҚБ төрағасы
– Сарбаздар санитариялық және өрттің алдын алу мақсатында тазалау жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, жемдік сыпырғыштар дайындайды. Оларға төленетін жалақы 80 мың теңге шамасында. Жалпы, бұл жұмысқа 16 мен 29 жас аралығындағы жастар жұмылдырылады.

Орман шаруашылығында жасылелдіктер 2 ай еңбек ету үшін жыл сайын облыс пен мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Биыл “Қызылжар” ұйымына жергілікті қазынадан 3 млн 550 мың, ал республикадан 817 мың бағытталыпты.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының директоры
– Шілде айындағы жоспар бойынша 35 жасты еңбекпен қамту керек болды. Қазіргі таңда 15 жас тер төгіп жүр. Тамыз айында 30 ұл мен қызды жұмысқа алмақшымыз.

Қазіргі таңда өңір бойынша “Жасыл ел” жасағында 518 жас еңбек етуде. Олардың дені – жастар ресурстық орталығы мен орман шаруашылығы және “Зенченко” серіктестігінде. Алдағы уақытта сарбаздар санын 770-тен асыру жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев