ТЖ

«Жас құтқарушылар» сайысының қатысушылары марапатталды

Қауіп күтпеген жерден келеді. Қандай да бір төтенше жағдай бола қалған кезде балалар дұрыс әрекет ете білуі керек.

Осы ретте олардың қарым-қабілеттері дәстүрлі түрде өтетін «Жас құтқарушылар» сайысында сыналады. Биыл облыстық жарыста Уәлиханов ауданынан келген жеткіншектер озып шықты. 13 пен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары өңір намысын республикалық кезеңде қорғады. Жуырда Көкшетау қаласында өткен додада солтүстікқазақстандықтар үздік үштікке енбесе де біраз жақындады. Балалар 4-ші орын иеленіп қайтты. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша жарыс 7 кезеңнен тұрған, 17 топ қатысыпты.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы
– Қатысушылар әуелі өздерін таныстырып алды. Кейін құтқару шаралары жайында сурет салды, төтенше жағдайда жапа шеккен адамға медициналық көмек көрсетті. Түрлі кедергілерден өтті. Табиғи ортада апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізді және судағы құтқару шараларына қатысты. Жарыс барысында әр топ төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету қажеттігін дұрыс көрсете білді.

 

Жарысқа қатысқан әр топқа атау беріліпті. “Алау” тобының мүшесі Ерасыл Мұрат
облыстық әрі республикалық сайысқа тыңғылықты дайындалғандарын айтты. Өзі бірінші рет қатысқан екен.

ЕРАСЫЛ МҰРАТ, оқушы, Уәлиханов ауданы

– Маусым айының басында облыстық жарыс болды. Жарыста шамамен 9 команданың ішінен біз 1-ші орын алдық. Одан кейін Көкшетауда болатын республикалық жарысқа дайындалдық. Сайысқа дайындалып, жүгіріп жүрдік. Қолымыздан келгенше дейін тырыстық. Республикалықтан 4-ші орын алдық.

Жалғас Қабдулланың айтуынша республикалық жарыста эстафеталық ойындар қиынға түскен. Аптап ыстықта арнайы киімді кию де оңай болмаған екен.

ЖАЛҒАС ҚАБДУЛЛА, оқушы, Уәлиханов ауданы
– Жеңуге тарыстық. Эстафеталық ойындарда күшіміз таусылғандай болды. Жеңіліп қалсақ та еңсеміз түскен жоқ. Біз үшін қатысудың өзі бір жетістік. Алда осындай жарыстар болып жатса неге тағы қатыспасқа?

Жеткіншектерді Рамиль Камалов грамотамен марапаттап, сый ретінде спорттық киім табыс етті.