МТРА жаңалықтары

“Cool іnfinity” серіктестігі вагонның жаңа түрін шығармақ

Петропавлдағы автономдық және изотермиялық вагон жасайтын “Cool іnfinity” серіктестігі ел нарығында 3 жыл бұрын пайда болды. Өндіріс ошағы 2019-да 1,8 млрд теңгенің тауарын өндірсе, былтыр бұл көрсеткіш 3 есеге артқан. Кәсіпорында ішкі және сыртқы нарыққа жиынтық көлемі 5,2 млрд теңгені құрайтын 133 тасымал құралы жасалып шығарылған. Биылғы меже – 200 вагоннан асыру. Бүгінде жоспардың жартысы орындалыпты.

Тасымал құралын әзірлеуге қажетті бөлшектердің дені өндіріс ошағының қабырғасында дайындалады. Тек кейбір құрал-жабдықтар ғана іргедегі Ресейден әкелінеді. Жалпы, мұндай бір вагонды жинау үшін 10 күндей уақыт қажет екен.

МИХАИЛ ТЕРЕХОВ, “Cool іnfinity” ЖШС бас инженері
– Бірінші вагонның қабырғасы, төбесі мен едені бөлек-бөлек жасалып алынады. Содан кейін цехта құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Дайын болған тасымал құралы соңында боялып, таңбалаудан өтеді. Нәтижесінде аумағы 145 шаршы метрге жететін жүк вагоны пайда болады.

Изотермиялық вагонмен кез келген затты тасуға болады. Тасымал құралы азық-түлікті 10 күн бойы бір қалыпта сақтап тұруға мүмкіндік береді. Ал автономдық вагондағы тауарлар 20 күнге дейін бүлінбейді. Айта кету қажет, ағымдағы жылы кәсіпорын мамандары тасымал құралының тағы бір түрін жасауға кіріспек.

АХАН КӘРІМОВ, “Cool іnfinity” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары
– Вагонның жаңа түрі де изотермиялық болмақ. Бірақ, көлемі мен сыйымдылығы қазіргісінен үлкенірек болады. Мұндай вагондар Қазақстанда, тіпті, ТМД елдерінің бірінде құрастырылмайды. Сұраныс көп. Біз тапсырыс берушімен келісім жасасып қойдық. Жыл сайын вагондардың жаңа түрін шығарудамыз. Оған нарықтағы сұраныстың жыл сайын өзгеруі себеп.

“Cool Infinity” серіктестігінде бүгінде 105 адам тер төгуде. Кадр жеткілікті. Жұмысшылар айына орташа есеппен 250 мың теңге алады.

Алдияр Айтпаев