МТРА жаңалықтары

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы оқуға құжат қабылдауда

Биыл 6 солтүстікқазақстандық ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистрі атанған.

Соның бірі – Мәкен Ержан. Азамат академияда 2 жыл білім алыпты. Қазір жинақтаған тәжірибесін жұмыс барысында тиімді қолдануда.

Мәкен ЕРЖАН, “СҚО әкімінің аппараты” КММ ауыл шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы:
– 2020 жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына түсу мүмкіндігі туды. Өзім “Экономика” мамандығы бойынша магистратураға түстім. Академия біліміңді арттырып, өз-өзіңді жетілдіруге көмектеседі. Әрбір мемлекеттік қызметшіге Мемлекеттік басқару академиясында білім алуға кеңес беремін.

Жыл сайын ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистратураға – 120, ал докторантураға 12 грант бөлінеді екен. Ал жақында академияға кезекті мәрте құжат қабылдау басталды.

Лаура Қайыржанова, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы СҚО бойынша филиалының директоры:
– Бүгінгі таңда біздің облыста академияны аяқтап, мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген азаматтардың саны – 16. Маусым айында 6 жас маман магистр дипломын алды. Биыл құжаттарды қабылдау шілденің 23-не дейін жалғасады. Қажетті деректерді Apa.kz.сайтында онлайн тапсыруға да болады.

Биыл академияға түсемін дейтін жандардан шет тілін білу талап етілмейді. Бірақ, мемлекеттік тілді білу деңгейі “В1”-ден төмен болмауы керек. Айта кетейік, ағымдағы жылы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында 600-ге жуық мемлекеттік қызметші қайта даярлаудан өтіпті.

Дана Ешкенова