МТРА жаңалықтары

«Ауылдың дамуы – елдің дамуы» жобасының жүзеге асуы

Ауылдық жерлерде жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайту – жергілікті мәселелерді тез шешудің кепілі. Қазақстанда қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың қолдауымен «Ауылдың дамуы – елдің дамуы» атты жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бүгін Бескөл ауылында қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру және жергілікті мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасын арттыруға бағытталған тренинг бастау алды. Шара 3 күнге жалғасады. Дәріс оқушы – елордадан келіп отырған мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы Шолпан Есімова.

ШОЛПАН ЕСІМОВА, мемлекеттік басқару саласындағы сарапшы, Нұр-Сұлтан қаласы:
– Бүгінгі тренинг жергілікті мәселелерге арналған. Жергілікті басқару деген институттар бізде құрылып жатыр. Негізгі мақсаты – әкімшілікпен бірге жергілікті тұрғындарды жұмысқа шақыру, әлеуметтік мәселелерді шешу: күнделікті жылу мәселесі, транспорт, су мәселесі болсын.

Өңірде 600-ден астам ауыл бар. Еуропалық Одақ қолдауымен ұйымдастырылып жатқан жобаға облыстан 3 аудан енгізілген: Қызылжар, Айыртау және Мамлют. Қызылжар ауданының орталығында өтіп жатқан семинарға 35 адам қатысуда. Олардың қатарында Анатолий Никишин де бар. Ер азамат – Петерфельд ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы. Аталған округке 6 ауыл кіреді. Халқының саны 2,5 мың адамды құрайды.

АНАТОЛИЙ НИКИШИН, Петерфельд ауылдық округі қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– Бюджет ақшасының қайда бағытталатынын енді жергілікті әкім ғана емес, қоғамдық кеңес те шешеді. Петерфельд ауылдық округінің қоғамдық кеңесі 3 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, камералар орнатылды.

АНАТОЛИЙ НИКИШИН осындай тренингтер қоғамдық кеңес жұмысының тиімділігін арттыруға септеседі дейді.