МТРА жаңалықтары

Ауыл әкімдеріне арналған дәріс

 

Ауыл әкімдеріне арналған дәріс. Петропавлда елді мекен басшыларының біліктілігін арттыруға бағытталған курстар бастау алды. Шілденің 20-сына дейін жалғасатын шараға 200-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында және елді мекендерде тұратын халықтың тұрмысын жақсарту үшін «AMANAT» партиясы ауыл әкімдерін оқыту жобасын қолға алды. Осы орайда Саяси менеджмент академиясы ауыл және ауылдық округ атқамінерлерін оқытуға арналған бағдарлама әзірлепті. Курс барысында дәріс тыңдаушылар маркетингтік талдау жүргізуді және ауыл экономикасын көтерудің перспективалық бағыттарын анықтауды үйренеді. ӘСЕМ РАХМЕТОВА, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
– Өздеріңіз білесіздер, өңір тұрғындарының басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Бүгінгі таңда әр елді мекеннің әл-ауқатын, нақты қандай жұмыстар жүзеге асырылу қажеттігін анықтап, талдап, түйіндеу қажет болып отыр. Оқыту барысында әкімдер ауылдарға скрининг жүргізу, ауыл экономикасын дамыту үшін перспективалы бағыттарды анықтауды үйренеді.

Курс барысында ауылдық әкімдер жергілікті жерде тиімді бизнес-жоба жасауды да үйренеді. Жалпы, 9 күн бойы Саяси менеджмент академиясының мамандары ауыл әкімдеріне түрлі тақырыпта дәріс оқиды.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы:
– Оқу жоспарының бірінші күнінде әкімдер Жаңа Қазақстан, екінші Республика дегеніміз не, яғни, идеологиялық тұрғыда олар халық арасында қандай жұмыс жүргізуі керектігі түсіндіріледі. Одан кейін «AMANAT» партиясының трансформациясы жөнінде сөз қозғалады.

Тыңдаушылар арасынан ана тілде сұхбат беретін бір ғана азамат табылды. Саян Шайкин – Жамбыл ауданына қарасты Озерный ауылдық округінің әкімі. Бұл лауазымда қызмет етіп жүргеніне 1 жыл болыпты. Округке 3 елді мекен кіреді екен. Онда 725 адам тұрады. Ақтамінер курс барысында білімін арттырып қана қоймай, жұмыс барысында тиімді қолдана алатынына сенімді.

САЯН ШАЙКИН, Озерный ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы:
– Дәріс барысында Жаңа Қазақстанға қалай қадам басып, ауылды қалай көркейту қажеттігі жайында түсіндіріліп жатыр. Осы курстарда біліктілігімді шыңдаймын деген ойдамын.

Сөз соңында айта кетейік, жыл соңына дейін еліміз бойынша 2 мыңнан астам ауыл әкімін оқыту жоспарланған.


Дана Ешкенова