ТЖ

Ұл-қыздарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді

Өрт сөндірушілер сауықтыру лагерьлерін аралауда. Мамандар демалушыларға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп жатыр. Бүгін құтқарушылар “Достық” демалыс орнында болды.

Қазір Вероника Богданова құтқарушылардың арнайы киімін киіп көруде. Бұл костюмді өрт сөндірушілер көпқабатты үйлерге көтеріліп, өміріне қауіп төніп тұрған жандарды эвакуациалауда қолданады.

ВЕРОНИКА БОГДАНОВА,
– Мұндай киімді бірінші рет киіп көріп жатырмын. Өте ауыр екен. Мұнымен көпқабатты үйлерге көтерілу түгіл, қозғалудың өзі қиын.

Ал мына жақта бір топ жас Трекол деп аталатын жол талғамайтын көлікті қызыға қарап жүр. Машина қауырт маусымда адам тасымалдауда қолданылады.

АМИНА ЖЕКСЫМБАЕВА,
– Қаламызда мұндай техниканы бір-екі рет көзім шалған, бірақ ішіне кіріп көрмеппін. Ішінде рация сынды түрлі қызықты құрал-жабдықтар бар екен. Қызықты екен.

Бүгін ұл-қыздар күнделікті дабылдатып өтетін өрт сөндіру көлігімен де жақынырақ танысты. Мамандар жастарға оның ішкі құрылысы мен техникалық қауқары жайлы баяндап берді.

БЛИЦ:
– Көліктің ішінде өрт сөндіруге қажетті барлық құрал-жабдық бар. Өрттің қалай сөндірілетіні жайлы біраз ақпар білдік.
–  Мұндай көліктердің қала ішінде жүйткіп жүргендерін жиі көремін. Бүгін өрт сөндірушілердің жұмысы қиын екендігін түсіндім. Себебі, көліктегі барлық құрал-жабдықтың салмағы ауыр.

“Достық” сауықтыру лагеріне құтқарушылар жыл сайын келеді. Биылдыққа демалыс орнына мамандар осыменен 2-ші рет ат басын бұрып отыр.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері
– Ұл-қыздарға өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндіріліп, профилактикалық әңгімелесулер өткізілді. Сондай-ақ, өрт сөндірушілердің жұмысы таныстырылды. Балалар үлкен қызығушылық танытып, көп сұрақ қойды. Жалпы, мұндай іс-шаралар сауықтыру лагерьлерінің жұмысы тоқтағанша дейін жүргізіледі.

Қазіргі таңда “Достық” лагерінде екінші кезеңде 230 бала тынығып жатыр. Күзге дейін тағы мыңға жуық жас келеді.

Алдияр Айтпаев