МТРА жаңалықтары

Қала тұрғыны тәртіп сақшыларына 19-шы ғасырда жасалған қару табыс етті

Петропавлдық азамат жергілікті ішкі істер органдарына бір жарым ғасыр бұрын жасалған қару өткізді. Ер адам оны ескі гаражды бұзып жатқан кезде тауып алған. Көне қару еденнің астына жасырылыпты.

Олег Волошин – қала тұрғыны:

– 19-шы ықшам ауданында тұрған гаражды бұзып жатқан едік рубероидқа оралған зат тауып алдық. Ашып қарасам ішінде мылтық бар екен. Оны матаға орап алып, қалалық полиция бөліміне әкеліп өткіздім. Тәртіп сақшылары бұл сирек кездесетін үлгі екенін айтты.

Табылған қару 1870 жылы жасалған Бердан винтовкасы екені анықталды. Ескірген винтовка өткен ғасырдың 20-шы жылдары 31-ші калибрлі қару ретінде өзгертіліп, аңшылық мылтығы ретінде сатылған. Халық арасында оны «фроловка» дейді екен.

Мейрам Шаришев – қалалық ПБ бөлімше бастығы:

-Бұл – сирек кездесетін қару. Бізге көбінесе Ижев зауытында жасалған тегіс ұңғылы мылтықтарды әкеліп өткізеді. Мынадай үлгі алғаш рет тіркеліп отыр.

Мылтық атуға жарамсыз деп танылды. Тарихи жәдігер облыстық полиция департаментінің музейіне тапсырылады.

Данаш Хамзина