МТРА жаңалықтары

Шілденің 9-ы Құрбан айт бастау алады

 

Шілденің 9-ы Құрбан айт бастау алады. Бұл күні мұсылман қауымы таңмен таласа тұрып, бірінші кезекте айт намазын оқиды. Биыл құлшылық таңғы сағат 7-де орындалмақ. Кейін Алланың разылығы үшін құрбандық шалынады.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы
– Биыл құрбан екі форматта шалынады. Біріншісі оффлайн форматта. Петропавл қаласында Космонавт 2 мекенжайы бойынша қой малы шалынатын болады. Сағат 7-ден кейін, яғни Айт намазынан соң. Сол жерде құрбандық малын сатып алуға да болады.

Құрбандықты онлайн форматта да шалуға болады. Ол үшін qurban2022.kz сайтына кіріп, мал сатып алуға өтініш тастау қажет. Бүгінге дейін бұл платформада 3 солтүстікқазақстандық қой алып, құрбан шалуға ниет білдірген екен. Сондай-ақ, бұл сайттың көмегімен көпбалалы, аз қамтылған отбасылар құрбан етін ала алады. Ол үшін де өтініш тастау қажет. Жалпы, мұндай формат өңірімізде 3 жылдан бері қолданылып келеді. Енді құрбан шалу ережелеріне тоқталайық, Аллаға бір қадам жақындай түсемін және ол үшін мал сойып, құрбан шаламын деген жандар келесідей талаптарды ескерулері тиіс.

ҚАСЫМХАН ИСАЕВ, қалалық “Қызылжар” мешітінің бас имамы
– Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр мен түйе малы жарамды. Қой мен ешкі бір жасқа толуы тиіс және оны бір отбасы шала алады. Қара мал екі жасқа толуы шарт. Оны 1 кісіден 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады. Түйе малы да бес жасқа толуы қажет. Оны да 1 кісіден 7 кісіге дейін ниет етіп шалуға болады.

Сондай-ақ, құрбандыққа шалынатын малдың бойында кемшілік болмауы қажет. Тағы бір айта кететін жайт, айтта тек семіз төл сойылуы керек. Жалпы, айт күндері дін өкілдерімен қатар еріктілердің де жұмысы қызбақ. 40-қа тарта волонтер бұл ұлы мерекеде тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларға құрбан етін тарату мен түрлі акцияларға жұмылдырылмақ.


Алдияр Айтпаев