МТРА жаңалықтары

ҚХА кәсіпкерлеріне арналған бизнес-форум

 

Петропавлға іс-сапармен Қазақстан халқы Ассамблеясының Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Қайрат Айтбай келді. Ол жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес-форум өткізді.

Кездесу барысында бизнесмендерге Ассамблеядағы Кәсіпкерлер қауымдастығының негізгі міндеттері баяндалды. Ассоциация 3 бағытта жұмыс істейді. Біріншісі: қауымдастық өкілдері өңірлерді аралап, кәсіпкерлердің проблемаларын анықтайды, мәселенің шешу жолдарын ұсынады. Осы ретте айта кетейік, Парламентте Ассамблеядан сайланған 9 депутат бар. Солар арқылы мәселені Президент әкімшілігіне, Үкімет мүшелеріне жеткізеді.

Қайрат Айтбай, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығының президенті:
– Екінші бағыт – еліміздің әр өңіріндегі кәсіпкерлердің мәселелері ұқсас, ортақ болса, онда кәсіпкерлердің жағдайын жақсарту үшін заңнаманы өзгерту керек. Үшінші бағыт – Қазақстан халқы Ассамблеясында түрлі ұлттың өкілдері топтасқан. Олар өздерінің отандастарымен тығыз байланыс жасайды. Сол қарым-қатынасты пайдаланып, шетелдерден инвесторлар тарту.

Жалпы, жыл басынан бері қауымдастыққа 40 адам жүгінген. 10 азаматтың мәселесі бірден шешімін тапқан, ал қалған өтініш-тілектер қарастырылып жатқан көрінеді.


Дана Ешкенова