МТРА жаңалықтары

Қала тұрғынын алаяқтар 4 млн теңгеге алдап кетті

 

48 жастағы қала тұрғынын алаяқтар 4 млн теңгеге алдап кетті. Юрий Фоминыхқа әуелі банк қызметкерінің атын жамылған біреу хабарласып, сырттан оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Петропавлдық бұл қулық деп әңгімелесуді доғарған. Бірақ, ертесіне манағы қу тағы хабарласып, сеніміне кіргені соншалық, жәбірленуші қалай алданғанын білмей қалған.

 Юрий Фоминых – жәбірленуші
– Менің жеке деректерімді айтып берген соң сеніп қалдым. Өз басым құжаттарымды ешкімге бермеймін, әрдайым өзіммен бірге алып жүремін. Ал ол менің жеке деректерімді толық, тіпті, отбасы мүшелері мен жұмысқа қай кезде, қашан баратыныма дейін айтып берді.

Қоңырау шалған қу көмектескісі келетінін айтып, әйтпеген жағдайда 4 млн теңгеге ұтылып қаласыз деп сендірген. Рәсімделіп жатқан-мыс әрекеттің бетін қайтару үшін дәл сол сомада несие алыңыз деген. Содан Юрий Фоминых қос бірдей банктен қарыз алып, оны алаяқ нұсқаған есепшотқа жібереді. Ер адам алданып қалғанын келесі күні бірақ түсініпті. Өйткені, қулар қоңырау шалуларын тоқтатпай, жәбірленушіні басқа банктерге жібермекші болған.

Берік Ілиясов – қалалық ПБ тергеу бөлімінің аға тергеушісі
– Қазіргі уақытта қала тұрғындарына қоңырау шалып, өздерін полиция департаментінің басшылығы немесе банк қызметкерлері ретінде таныстырып, алаяқтық жасау фактілері кең таралуда. Сол себепті, қала тұрғындарына айтарымыз, полиция және банк қызметкерлері ешқашан қоңырау шалып, деректеріңізді сұрамайды.

Жалпы, жыл басынан бері интернет-алаяқтарға 400-ден астам солтүстікқазақстандық алданып қалған.


Алдияр Айтпаев