МТРА жаңалықтары

Діни сипаттағы материал таратқан ер адамға айыппұл салынды

39 жастағы солтүстікқазақстандық WhatsApp статусында діни сипаттағы материал жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Заңмен тыйым салынған дүниелерді бір ай бойы салып келген Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғынына қатысты әкімшілік материал жиналып, аудандық сотқа жолданған. Ер адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 490-бабы бойынша кінәлі деп танылды. Оған 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Жалпы, жыл басынан бері діни сипаттағы материал таратқан 9 солтүстікқазақстандық жауапқа тартылды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша діни әдебиет пен діни сипаттағы өзге де дүниелерді тек діни ғимараттарда, діни білім беретін ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдармен белгіленген стационарлық үй-жайларда ғана таратуға рұқсат етілген. Петропавлда бұндай 15 орын бар, тағы біреуі Айыртау ауданында орналасқан.


Данаш Хамзина