Спорт

Чемпион курсант өңірге оралды

 

Чемпионға құрмет-қошемет көрсетілді. Гір тасын көтеруден Қырғызстанда өткен әлем біріншілігінің жеңімпазы Алмас Исенов өңірге оралды. Спорт саңлағын темір жол вокзалынан өзі білім алатын Ұлттық Ұлан академиясының курсанттары мен оқытушылары сән-салтанатпен қарсы алды.

Спортшы поездан түсе сала оқытушылары мен достары жеңісімен құттықтай бастады. Чемпион жолдастары үшін қуаныштары көкке бір елі жетпей тұрған курсанттар Алмасты қолдарына алып, көкке лақтырып, құрмет көрсетті. Жерлесіміздің жетістігіне тоқтала кетсек, жаһандық жарыста толағай 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында 68 келі салмақ дәрежесінде үздік атанды. Білекті жігіт көршілес Ресей, Қырғызстан мен Беларусь елдерінің мықтыларын мойындатты. Ол 24 келілік қос гір тасты 132 рет бастан асыра көтерген.

АЛМАС ИСЕНОВ, гір тасын көтеруден Әлем чемпионатының жеңімпазы
– Біздің ең мықты қарсыластарымыз Ресей мен Беларусь елдерінің спортшылары болды. Олар мықты дайындықпен келген. Алдағы жоспарларым – спорт шеберлігін дәлелдеу және Еуропа, Ресей елдері спортшылары арасында үздік болып қалу. Сондай-ақ, ерлер арасында 32 келі гір тасын көтерумен өнер көрсеткім келеді.

Шілденің 1-і мен 4-і аралығында Бішкектегі жарысқа 8 мемлекеттен 300-ге тарта саңлақ қатысты. Ел намысын 40-қа жуық отандасымыз қорғады. Оның 13-і – солтүстікқазақстандықтар.

СЕРГЕЙ ГУТЕВИЧ, жоғары спорт шеберлігі мектебінің жаттықтырушысы
– Жалпы командалық есепте ел құрамасы ресейліктерге жол беріп 2-ші орынға ие болды. Кейбір спортшылар үшін бұл – алғашқы әлем чемпионаты. Соған қарамастан қыз-жігіттер жоғары деңгейде өнер көрсетті. Енді келесі жылғы Әлем чемпионатына дайындаламыз. Ондағы мақсатымыз – командалық есепте үздік атану.

Айта кету қажет, жаһандық жарысқа қатысқан 13 солтүстікқазақстандықтың 4-еуі жүлдеге ілігіпті.


Алдияр Айтпаев