МТРА жаңалықтары

Арнайы Шығарылым 06.07.2022

 

Елорданың туған күні тойланды

1997-ші жылдың соңында ел тарихында елеулі оқиға орын алды. Билік көрсең көзің тоймайтын қазіргі елорданы Алматыдан Ақмолаға көшірді. Ал араға 6 ай салып бас қаланың атауы Астанаға өзгертілді. Бастапқы кезеңде бүгінгі Нұр-Сұлтан шаһарының туған күні маусымның 10-шы жұлдызында тойланып жүрді. 2006-да кезекті шешім шығарылып, атаулы дата 6-шы шілдеге ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар. 94-ші жылдың дәл осы күні Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі астананы орталыққа көшіру жайлы қаулы қабылдапты.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Бүгін еңселі елордамыз 24 жасқа толып отыр. Бас қаламыздың туған күні жылда аталып өтіледі. Бірақ, өткен жылы тойланбады. Бәріне себеп – карантин. Есесіне биыл еліміздің түкпір-түкпірінде астанамыздың төл мерекесі аталып өтілуде. Міне, Петропавлда да бастау алды.

Бүгінгі мерекеге ауа райы кедергі келтірді. Жаңбыр жауып, Петропавл аспанын бұлт торлағасын қалалық әкімдік алдына аса көп адам жиналмады. Бірақ, ұйымдастырушылар іс-шараны есте қаларлықтай етіп өткізді. Жүргізушілер қойған викториналық қызықты сұрақтар біраз жанды ойландырды. Олардың жауабын интернеттен іздеуге де рұқсат етілді. Ал жүлдегерлер сыйлықпен марапатталды.

Мерекені әнсіз елестету мүмкін емес. Мұны жақсы білетін жергілікті өнерпаздар аянып қалмады. Олар құлақтың құрышын қандыра ән шырқады. Осылайша, жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Шырқалған әндер әртүрлі тақырыпта болды. Жергілікті таланттардың өнері жұртшылыққа ұнады. Көрермендер 1 сағатқа созылған концерттен тамаша әсермен тарасты.

БЛИЦ:
–  Мереке тамаша өтіп жатыр. Халық жиналып жатыр. Өзі арнайы келдім. Халқымыз мерекелеп жатыр. Мерекеміз жалғаса берсін!
– Астанамыз өркендей берсін! Халқымыз аман болсын! Барлығына денсаулық тілеймін!
–  Бүгінгі мерекеге отбасымызбен келдік. Таңертең жаңбыр жауып, көңілімізді түсірген еді. Мына концертке келіп, көңіл-күйіміз көтеріліп жатыр.


Байболат Култанов

 

Qyzyljar music fest фестивалінде классикалық композициялар орындалды

Qyzyljar music fest фестивалінің 5-ші күні. Ауа райының қолайсыздығына байланысты іс-шара Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өтіп жатыр. Солтүстікқазақстандық өнерсүйер қауымға классикалық туындылар ұсынылуда.

Кешті италияндық қонақ ашты. Марио Стефано Пьетродарки есімді азамат жерлестерімізді қолындағы ерекше аспаппен және өз өнерімен тәнті етті. Мүсіні орыс халқының гармошкасына ұқсайтын банданиномен әртіс 10-ға тарта композиция орындады. Оны жергілікті симфониялық оркестр сүйемелдеп отырды.

Марио Стефано Пьетродарки, музыкант, Италия
– Осындай тамаша іс-шараға қатысып жатқаным үшін өте қуаныштымын. Өз басым фестивальдің жақсы өтіп жатқанына сенімдімін. Шырқалып жатқан әндер құлаққа жағымды естіледі. Бүгін де тамаша кеш болады деген ойдамын.

Италиялық әртістен кейін сахнаға “Астана-Опера” театрының солисі Бағдат Әбілханов шықты. Белгілі скрипач бұл кеште солтүстікқазақстандықтарға арнап 3 композиция ойнап берді. Оны да симфониялық оркестр ұжымы сүйемелдеді.

Бағдат Әбілханов, “Астана-Опера” театрының солисі
–  Петропавлда екінші күн қатарынан жүрмін. Кеше сырттай фестивальді бақылап, тәнті болдым. Керемет ұйымдастырылған. Бүгін мені сүйемелдеген оркестр ұжымының өнеріне де жоғары баға беремін. Біз бір күн ғана дайындалдық. Соның өзінде бір-бірімізді жақсы түсіндік. Сахнада бірлесе италияндық композитор Эрио Мариконенің туындыларын орындадық.

Дзаж жанры мен классикалық музыка үйлесім тапқан бұл кеш көптің көңілінен шықты. Театр залынан шыққан жерлестеріміз өз эмоцияларымен бөлісті. Көзі қарақты көрермен әртістердің өнеріне де жоғары баға берді.

Блиц:

–  Бүгін фестивальге бірінші рет келдім. Өте керемет. Ұйымдастырушыларға ризамыз.
– Осы театрда ұйымдастырылғаны жақсы болды. Тиыш. Тамаша музыканттар. Сөзім жоқ.
– Әрине, демалдым. Концерт тамаша өтті.


Алдияр Айтпаев