Мәдениет

«Qyzyljar music fest» халықаралық фестивалі жалғасуда

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші
– Фестивальдің 4-ші күні. Бұған дейін бұл сахнада дәстүрлі әндер мен джаз жанрындағы туындылар шырқалды. Ал бүгін жерлестеріміз эстрадалық әндерді тыңдамақ. Кеш соңында солтүстікқазақстандықтар үшін талантты жас, ел сүйіктісі Мирас Жүгінісов өнер көрсетпек.

Бүгін де басты алаңға жиналған қауымның санында есеп жоқ. Үлкен мен кішінің бәрі осында жүр.

Бірінші болып сахнаға жергілікті өнерпаздар көтеріліп, ән шырқап, би биледі. Кейін кезек құрметті қонақтарға келді. Ортаға құрмет-қошеметпен Айман Мұсахаджаева шықты. Қазақстанның халық әртісі, Еңбек ері скрипкада ойнап, өнерсүйер қауымды өнерімен тәнті етті.

Айман Мұсахаджаева, Қазақстанның халық әртісі, Еңбек ері

Айтылып жатқан әндер де, түрлі композициялар да солтүстікқазақстандықтардың көңілінен шығуда. Ол жерлестеріміздің езулеріндегі күлкі мен ырғақты билерінен-ақ білініп тұр.

Блиц:
–  3 күннен бері фестивальді тамашалап жүрмін. Өнерпаздар жақсы өнер көрсетіп жатыр.
–  Фестивальге 1-ші рет келіп, көріп жатырмын. Өнерлі жандар жақсы дайындықпен келген. Бәрі ұнап жатыр.
–  Еліміздің мақтанышы, әлем әртісі Айман Мұсахаджаеваның өнері қатты ұнады. Өте тамаша.

Кеште қаламыздың музыкалық жас топтары да төбе көрсетті. Студенттерден құралған “Chatterbox” ұжымы фестивальде Виктор Цойдың “Группа крови” әнін өздерінің стильдерінде шырқап, көпшілікті таңқалдырды. Бұл топ 2 жыл бұрын құрылыпты. Қазір жастардың репертуарларында 10-нан астам ән бар.

АЛЕКСАНДР ЛЕОНТЬЕВ, “Chatterbox” тобының барабаншысы
– Топтағы жігіттердің барлығы – менің сыныптастарым. Мектеп қабырғасында бірге ән айтып жүрдік. Бірақ, топты бертін құрдық. Фестивальге қатысу туралы ұсынысты бірден әрі қуана қабылдадық. Себебі, осындай кештер арқылы біз тәжірибе жинақтаймыз және жерлестерімізге тамаша атмосфера сыйлай аламыз.

Қараңғы түсе орта буын өкілдері үйлеріне қайта бастады. Ал жастар орындарынан тапжылмады. Жаңбыр жауып тұрса да қыз-жігіттер Мирас Жүгінісовті асыға күтіп тұр. Көпті күттірген сахна саңлағы 11-ден аса ортаға шығып, Қызылжар кешін одан әрі көңілді етті.

Кеште Мирас Жүгінісов ел аузында жүрген барлық әндерін айтты. Көпшілік өнерпаздың туындыларын қосыла шырқады, билегендері де болды. Кейбіріне жас жұлдызбен суретке түсу мүмкіндігі туды.

Алдияр Айтпаев