МТРА жаңалықтары

Мәжіліс депутаттары кірпіш зауытында болды

Өңірде кезекті іс-сапармен Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода жүр. Бүгін қос халық қалаулысы Қызылжар ауданына қарасты Подгорное ауылының маңында орналасқан кірпіш зауытында болды. Мұнда атқамінерлерге өндіріс ошағының құрылу тарихы мен жұмыс барысы таныстырылды.

Облысқа аса қажет бұл зауыт мамыр айында ашылды. Бүгінгі таңда пеш пен кептіргіштен тұратын тек бір желі жұмыс істеп тұр. Мұндағы 100 адам күндіз-түні еңбек етеді. Олар тәулігіне 150 мың дана кірпіштің 2 түрін шығарады. Төккен терлері үшін 250 мың теңгеге дейін жалақы алады.

АБЕЛЬ БЕРНЕЦЯН, “Кирпич-СК” ЖШС директорының орынбасары, Қызылжар ауданы
– Зауыт өзіміздің жеке және “Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан” құйылған ақшаға салынды. Жалпы, 3,6 млрд теңге қаржы бағытталды. Жұмыс күннен-күнге қарқын алып келеді. Қазір кірпіштің 2 түрін шығарамыз. Өнімнің сапасына қатысты әлі ешкім шағымданған жоқ. Бағасы да қолжетімді. Өзге жақтың тауарынан құны шамамен 20-30 теңгеге төмен.

Бүгінде зауыт ішкі сұраныстың 25-30 пайызын қамтып отыр. Жақында бұл көрсеткіш 50-ге дейін артпақ. Қазір қолдарына қалақ ұстаған бір топ адам екінші желіні салып жатыр. Кәсіпорындағы шаруа қысқа таман тоқтамақ. Келесі көктемде өндіріс ошағының қабырғалары толығымен жабылады. Сонда зауыт жыл 12 ай үздіксіз кірпіш шығаратын болады.

ЕРЛІК ТАЙЖАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Кірпіш өте сапалы деп жатыр. Біршама жұмыс орны беріліпті. Шикізаттың барлығы осы жерден алынады. Келешекте 100 пайызға жеткіземіз деп айтып жатыр. Қазір жазғы уақытта жұмыс істесе, алдағы уақытта жыл бойы жұмыс істейтін болады. Бұл – біздің өңірге үлкен көмек, үлкен жетістік.

Толығымен жергілікті шикізаттан жасалатын кірпіш небәрі 2 айдың ішінде өзге өңірлерге де танылып үлгеріпті. Сырттан сатып алушылар күннен-күнге көбейіп жатқан көрінеді.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Менің артымда тұрған жүк көлігі сәлден соң елордаға аттанады. Оған шамамен 17 мың дана кірпіш тиелмек. Бұл дегеніміз – 20 тонна Солтүстік Қазақстан облысында жасалған өнім. Бас қала жергілікті зауыттың жалғыз әріптесі емес. Мұндағы кірпіштерді көкшетаулық, қостанайлық мердігерлер де сатып алады екен.

Парламент депутаттары облысымызда 1 жұмадан артық болмақ. Олар ауылдарды аралауды, халықпен кездесуді жоспарлап отыр.

ЕРЛІК ТАЙЖАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– 13-іне дейін болатын шығармыз. Ауылдарды аралаймыз. Күнде 5-6 кездесу өткіземіз. Кездесулердің бағыты – ауылдарда жол картасы аясында атқарылып жатқан жұмысты бақылау. Біз елмен кездесіп, айтылған проблемаларды жинақтап, күнде “Amanat” партиясының орталық аппаратына есеп береміз.

Зауытпен танысу барысында зауыт өкілдерінен ешқандай базына, бұйымтай айтылмады. Халық қалаулылары алдағы кездесулерде жұртшылықты белсенді болуға, толғандырған мәселелерін көтеруге шақырады.

Байболат Култанов