МТРА жаңалықтары

Бір күнде 15 тонна қағаз жасалмақ

Қыркүйектен бастап Петропавлда бір күнде 15 тонна қағаз жасап шығарылады. Қазіргі таңда мұны жүзеге асыратын фабрикада қондырғы орнату жұмыстары жүргізілуде. Дәлірек айтсақ, қытайлық негізгі қос аппарат қойылып жатыр. Тағы да бірнеше құрылғыны мамандар іске қосуға дайындауда. Жалпы, су жаңа өндіріс ошағын жабдықтау үшін “Радуга” серіктестігі 1,1 млрд теңге қаржы құйған. Бүгінде шаруаға 15 адам жұмылдырылып отыр. Директор Андрей Титовтың айтуынша, жұмыс уақытылы тыңдырылуда.

АНДРЕЙ ТИТОВ, Қағаз фабрикасының директоры
– Қағаз жасайтын қос құрылғыны орнату жұмыстары аяқталып қалды. Бұдан кейін мамандар дайын тауарды қаптайтын аппаратқа көшеді. Фабрика бір цехтан тұрмақ. Бірақ, бірнеше учаске болады. Атап айтсақ, қағаз жасайтын, тауарды түрге бөлетін, су дайындап, оны тазартатын және қойма сынды бөлімдер ашылады.

Қазіргі таңда соңғы 2 учаскенің құрылысы жүріп жатыр. Қоймада дайын өнім сақталмақ, ал ең керекті шикізат – су дайындалатын тазартқыш торапта тіршілік көзі фильтрден өтіп, қайта пайдаға жаратылмақ. Айта кетейік, фабрика экологиялық тұрғыдан таза әрі қалдықсыз жұмыс істемек.

ДӘУРЕН ҚАТРАНОВ, «Радуга» ЖШС бас директорының орынбасары
– Біздің серіктестік күнделікті қажет ететін тауар түрін дайындаумен айналысады. Бұл фабрикада қағаз жаялықтар мен әжетхана қағазы сынды 20-дан астам өнім шығарылмақ. Бір күнгі қуаттылық 15 тоннаны құрайды. Өнімнің 70% ел ішінде сатылымға шығарылады. Қалғанын көрші Ресей еліне экспортқа шығаруды көздеп отырмыз.

Қағаз жасау үшін макулатура қолданылмақ. Қазір фабрикада ол жеткілікті көлемде бар екен. Шикізат жан-жақтан жиналыпты. Егер қажетті дүниені жеткізу бойынша қиындықтар туындай қалса, серіктестік целлюлозамен жұмыс істеуге көшеді. Сол себепті, мұнда әмбебап құрал-жабдықтар қойылыпты. Қазіргі таңда фабрикаға кадр тарту ісі қолға алынған.

ДӘУРЕН ҚАТРАНОВ, «Радуга» ЖШС бас директорының орынбасары
– Әкімшілік және бухгалтерлік персоналға мамандар бар. Қоймада жұмыс істейтін жандар да табылды. Бүгінгі күні өндірістік барлық желіге жұмысшылар табылып отыр. Әрқайсымен келісім шарт жасалған. Осы күні кейбірі компанияның өзге учаскелерінде де еңбек етіп жатыр.

Қағаз фабрикасы 60 адамды еңбекпен қамтымақ. Оларға берілетін жалақы мөлшері де аз емес. Көрсеткіш орташа есеппен 170-180 мың теңгені құрайды.

Алдияр Айтпаев