Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Есіл ауданында болды

Кеше облыс әкімі Есіл ауданында болды. Жұмыс сапары барысында Құмар Ақсақалов Қарағаш ауылының кіреберісінде жөнделіп жатқан жолдың жағдайымен танысты.

Жергілікті мердігер мұнда өткен жылдан бері қиыршық тас төсеп жатыр. Ұзындығы 20 шақырымды құрайтын жолды қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталуға жақын. Соңғы шаруа – төселген тасты тегістеп, жол бойына белгілер қою.

Гарик Бернецян, «Алтын Алқап» ЖШС директоры:
– Жаңбырдан кейін жол бүлінбейді. Себебі, төселген тасты үсті-үстіне бірнеше рет тегістеп жатырмыз. Жаңа жол ұзағынан пайдалануға жарайды. Яғни, 10 жыл ғана емес, 15-20 жыл мызғымай тұрады. Тек ауыр жүк көліктерін жүргізбеу керек.

Аталған шаруаға 270 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Жол мәселесі Чириковка ауылының тұрғындарын да толғандырады. Бұл түйткіл Құмар Ақсақаловтың аталған елді мекеннің халқымен кездесуінде көтерілді. Облыс әкімінің сөзінше жергілікті кәсіпкерлер мұнда су жаңа тауарлы-сүт фермасын іске қосулары керек. Сонда ғана асфальт төселмек.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Елді мекеннің жеріне егін егіп, малын өсіріп мол ырыздық көріп отырған кәсіпкерлер ауылдың да жағдайына көңіл бөлулері қажет. Жылына 1-ақ рет пай беру жеткіліксіз. Тұрғындарды жұмыспен қамту жағын да ойлағандарыңыз жөн. Сол үшін тауарлы-сүт ферма мен басқа да өндіріс ошақтарын ашу қажет. Халық та мұны талап етсін.

Жиын барысында жергілікті серіктестік басшылары ауыл үшін атқарып жатқан шаруаларын да тілге тиек етті. Кәсіпкерлер мүгедек жандар мен қарт адамдарға көмек көрсетіп тұрады, қыс мезгілінде жолдарды қардан тазалайды, ал күзде тұрғындарға азды-көпті мал азығын апарып береді. Бұл қалталы азаматтардың жыл сайын халыққа көрсететін көмегі екен. Бірақ, аймақ басшысы оны жеткіліксіз деді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сіздер соңғы 5 жыл ішінде ауылдың дамуына 30 млн теңге ғана жұмсапсыздар. Ал мемлекет болса сіздерге 700 млн теңге субсидия берді. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Қазір техника мен минералды тыңайтқыш бағасы арзандап жатыр. Қыстыгүні жол тазалау деген ауыз толтырып айтатындай дүние емес.

Құмар Ақсақалов өз сөзінде су мәселесін де қозғады. Аймақ басшысы алдағы уақытта тіршілік көзінен таршылық көріп отырған ауылдарға таза ауызсу жететінін айтты. Осы орайда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалмақ. Тек кәсіпкерлер су көзін күтіп ұстаса болды дейді облыс әкімі. Жалпы, жиын барысында тұрғындар тарапынан аса көп сұрақ түспеді. Бірақ, осындағы диқандарды алаңдататын бір мәселе бар.

Аманжол Маекенов, «Санат» ШҚ директоры, Есіл ауданы:

– Біздің алқаптар «Красный бор» қорығының маңында орналасқан. Қазіргі күні ол жақтағы жануарлардың саны күрт артып кетті. Қорықтың маңы дұрыс қоршалмаған. Салдарынан марал мен еліктер сыртқа шығып, егінді таптап жатыр. Осыған байланысты ол жақтағы жануарларды басқа қорыққа ауыстыруды сұраймыз.

Құмар Ақсақалов бұл мәселе жан-жақты тексеріліп барып, шешімін табатынын айтты. Кездесу барысында жергілікті учаскелік полицейді баспанамен қамту туралы да айтылды. Қазір тәртіп сақшысы Чириковкада үй болмағандықтан аудан орталығында тұрып жатыр екен.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Түн ортасында бір оқыс жағдай болып қалса полицей аудан орталығынан ауылға баруы керек. Егер көлігі сынып қалса не болмақ? Сондықтан, жергілікті кәсіпкерлер оған үй әперсін. Өйткені, тәртіп сақшысы үнемі өз учаскесінде болуы керек.

Кәсіпкерлер өз кезегінде бұл мәселені біржақты етеміз деп уәде берді.

Бердимурат Баймухан