МТРА жаңалықтары

Халықтың әлжуаз топ өкілдеріне арналған орталық

Өңірге жұмыс сапарымен Премьер-Министр орынбасарының кеңесшісі Нәзипа Шанаи келді. Үкімет өкілі облыс орталығында бір ай бұрын ғана ашылған әлеуметтік әлжуаз топтарға арналған тігін және пішуден оқыту орталығымен танысты.

Нәзипа Ыдырысқызы құрақ көрпе тігілетін бөлмеге бас сұқты. Мұнда 2 адам еңбек етеді. Олар қазақы нақыштағы бұйымдарды, яғни, оюмен өрнектелген түрлі төркөрпелер, жастықтың тыстары, тіпті, қыздың жасауына қажетті дүниелерді тігіп береді.

Кейін орталықтың жетекшісі Әлфия Жукенова Премьер-Министр орынбасарының кеңесшісіне өзі тіккен дүниелерді көрсетті. Көбіне нәзікжанды қыз-келіншектерге арналған спорттық киімдер әзірлейді екен. Сондай-ақ, орталықта таза былғарыдан сөмке де тігіледі. Цехта ол үшін қажетті заманауи машиналар да бар. Ең бастысы, мұнда халықтың осал топ өкілдері пішуді және тігуді тегін меңгере алады.

Әлия Шуқанова, орталық директорының орынбасары
– Тігін өнерінің қыр-сырын, әзірге, 5 адам меңгеріп жатыр. Курстар таңғы уақытта өтеді. Алдағы уақытта тағы бірнеше топ ашпақ ниеттеміз. Себебі, курстарға қатысып, жұмыс істеймін дейтін нәзікжандылар жетерлік. Әрине, оларға ыңғайлы болу үшін сабақтар кешкі уақытта да өтеді. Жалпы, бұл салаға енді келіп жатқан қыз-келіншектерді біз 2 ай көлемінде оқытамыз. Күніне 3 сағаттан. Курстар аяқталғаннан кейін азаматшаларға 2-ші және 3-ші дәрежедегі тігіншілер сертификаты табысталады. Егер олар біздің цехта қалып, еңбек етеміз десе, біз оларды жұмыспен қамтуға дайынбыз.

Орталықта білім алып, тігуді үйренгісі келетіндердің басым бөлігі – шет елден көшіп келген қандастарымыз.

Бұл нәзікжандылар үшін арнайы дәрістер жуырда ашылмақ. Ең бастысы, сабақтың барлығы қазақ тілінде өтпек. Орталықтың басшысы Әлфия Жукенова мұндай жауапты істі Райхан Сұрағанова тапсырып отыр. Он саусағынан бал тамған шебер өз тәжірибесімен жастармен бөліспек.

 Райхан Сұрағанова, тігінші
– Маған қазақ тілінде осы өнер бойынша дәріс беру жайлы ұсыныс жасалды. Қазіргі кезде өзім зейнеткермін. Бұл цехта заманауи машиналар орнатылған.

Орталықтың алдағы жоспарларымен жіті танысқан Нәзипа Шанаи бұл іске өзінің оң бағасын берді.

Нәзипа Шанаи, ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі
– Орталықтың бүгінгі мақсаты айқын. Қай кәсіпкер осы бағытта жұмыс істесе, оларғы жақсы жағдайлар қарастырылған. Мысалы, мүгедек жанды үйретіп, жұмысқа алса оған салықтан көмек көрсетіледі.

Сөз соңында айта кетейік, өңірде осындай 3 орталық бар. Әлеуметтік кәсіпкерлер көбейіп жатса үкімет өз тарапынан іскер жандарға қолдау көрсетуге әзір.

Дана Ешкенова