МТРА жаңалықтары

Бір адам 50-ден астам алаяқтық іске барған

Қанша айтылып жатқанымен өңірде интернет-алаяқтық тыйылар емес. Соңғы жырты жылдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысында бақандай 407 факті тіркеліпті. Жаға ұстатарлық жайт, соның 50-ден астамы тек 1 адамға тиесілі. Талай теріскейлікті терлемей-ақ қашықтықтан сан соқтырған бұл айлакер қазір темір торда отыр. Ол өзге аймақтың тұрғыны екен. Осыдан кейін “Жалғыздың үні шықпас” дегенмен екінің бірі келіспейтін шығар.

АЛДИАР ТАЛАПКЕРОВ, CҚО прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры
–  Айлакерлер жиі қолданатын тәсіл – “банктен хабарласу“. Әдетте, телефонның ар жағындағы адам өзін қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырады. Сосын күмәнді операциялар туралы хабарлап, картаның нөмірін, смс хабарлама түрінде телефонға келген кодты сұрайды. Қажетті деректер ұсынылса, шоттағы ақша алынады немесе басқа шотқа аударылады.

Тағы айлакерлер алдын ала төлем алып, іздерін суыту үшін OIX, Колеса, Krisha.kz сынды сайттарды жиі қолданады. Қазір “сатылатын тауарды курьер алып кетеді, оған дейін тиісті құжаттарды интернет арқылы рәсімдей берейік” дейтіндер де бар. Бұған да күмәнмен қараңыз. Пысықайлар жеке деректерге қол жеткізіп, картадағы ақшаны жоқ қылуы мүмкін.

АЛДИАР ТАЛАПКЕРОВ, CҚО прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры
–  Осыған байланысты прокуратура тұрғындарды қырағы болуға шақырады. Күмәнді ақша аударымдарын жасамаңыздар! Өздеріңіздің жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеңіздер! Сонда алаяқтардың құрығына ілікпейсіздер.

Ал тұрғындар алаяқтарға жем болған жағдайда облыстық прокуратура өкілдері бірден 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.

Байболат Култанов