МТРА жаңалықтары

«Бизнес-леди Қазақстан» байқауы өтті

Бизнес-леди Қазақстан. Осындай атаумен кеше облыс орталығында республикалық байқау өтті. Шара барысында 8 іскер жан 3 кезең бойынша сыналады. Қыз-келіншектер алдымен өздерін таныстырады, кейін қазылар алқасы қойған сұраққа жауап беріп, шығармашылық өнерлерін көрсетеді.

Алғаш болып сахнаға Ақжар ауданынан келген Вероника Салова шықты. 30 жастағы іскер жан мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады екен. Бұл атамнан қалған кәсіп дейді жерлесіміз.

ВЕРОНИКА САЛОВА, байқауға қатысушы, Ақжар ауданы:
– Бала кезімнен бері әке-шешем және атам мен әжемнің қасында жүріп, үй шаруасына араластым. Осылайша ауыл тіршілігіне қызығушылығым оянды. Отбасы мүшелерінің барлығы осы салада қызмет етеді. Біреуі ветеринар болса, басқасы мал өсіреді немесе ауыл шаруашылығы тауарын өндірумен айналысады. Маған өз жұмысым қатты ұнайды.

Іскер жандар байқауға жақсы дайындалып келген. Әрқайсысы өзін ерекше қырынан көрсетуге тырысады. Таныстырудан кейін қазылар алқасы әр қатысушыға сұрақ қояды.

Байқауда топ жарғандар елордаға жолдама алып, бас қалада өңір намысын қорғайды.

Сәуле Қайсар, «Business Woman KZ» ҚБ басқармасының төрайымы:

– Биыл біз Нұр-Сұлтан, Қостанай қалалары мен Павлодар облысында іріктеу кезеңін өткіздік. Бүгін кезек Петропавлға келді. Қатысушылардың жас ерекшелігі мен қызмет бағыты әр түрлі. Шара барысында олардың жетістікке жету жолдарымен танысамыз. Бұл басқа да кәсіпкерлерге немесе енді бизнес бастайын деп жүрген жандар үшін мотивация болады. Мұндай байқау ел бойынша 2018 жылдан бастап өткізіліп келеді.

Айта кеткен жөн, бүгінгі байқаудың бас жүлдесі – Дубайға жолдама және арнайы сыйлық.


Бердимурат Баймухан