МТРА жаңалықтары

Теріскейлік фермер республикалық көрмеде топ жарды

Алматы облысында “LEPSI 2022” мал шаруашылығы көрмесі өтті. Мыңдаған жанның басын қосқан дәстүрлі сайысқа Ангус тұқымды бұқалар апарған теріскейлік фермер топ жарды.

«Мамбетов и К» коммандиттік серіктестігінде өсірілген “Барон” есімді бұқа 2 бірдей жүлде еншіледі. Ол алдымен Ангус малдары арасында жеңіске жетті. Кейін өзге тұқымдармен бірлесе ұйымдастырылған байқауда “Абсолютті чемпион” атанды. Осылайша, жергілікті фермер қанжығаға су жаңа темір тұлпар байланды. Міне, жеңімпаз көз алдымызда. Оның жасын, салмағын иесі бес саусақтай біледі.

ОЙРАТ НҰРМАҒАНБЕТ, «Мамбетов и К» КС бас экономисі, Мамлют ауданы:
– Туғанда салмағы 26 келі болды. 1 жаста 452 келі болды. Қазір оған 17 ай. Бүгінде салмағы – шамамен 640 келі.

Бұқаның салмағы, жасы көрмеде ескеріліпті. Тіпті, Зеңгі баба төлі мінезінің жуас болуы, тұяғының өлшемі де бағаланған екен. Айта кету қажет, жүлдегерлерді шетелдік мамандар анықтапты.

АРМАН ДӘУЛЕТОВ, «Мамбетов и К» КС мал шаруашылығының бас технологы:
– Біз бұқаларды жетектеп алып шығып отырдық. Америкалық мамандар бағалау өткізді. Ол кісілер аяғына, мойнына, басына, жамбасына қарайды. Ұзындығын өлшейді, бұдан қандай тұқым туатынын болжайды. Эксперттер бәрін біледі.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Түрі ашулы көрінгенімен өзі жуас “Барон”-ға сарапшылар ғана емес, ақтаулық, алматылық, талдықорғандық шаруалар да қызығыпты. Олар жергілікті фермерден сатып алу үшін 1 млн теңге ақша ұсынған екен. Бірақ, саудаланбапты. Солтүстікқазақстандық фермер мына төртаяқтыдан тағы тұқым аламын дейді.

Жалпы, Алматы облысында ұйымдастырылған көрмеге «Мамбетов и К» коммандиттік серіктестігінің өкілдері 3 бұқа апарыпты. Соның ішіндегі “Лидер” есімді жануар да топ жарған екен. Ол 12 мен 18 айлық тұяқтылар арасында жеңіске жетіпті. Сонда қоржында 2 бірінші орын және 1 бас жүлде. Мұндай жетістікке қалай жетуге болады? Сырын технологтан сұрадық.

Арман Даулетов, «Мамбетов и К» КС мал шаруашылығының бас технологы:
– Ұрығын шетелден әкелеміз. Сол ұрықпен жақсы сиырларды қашырамыз. Бұзауларды саудалаймыз.

Серіктестіктің асылтұқымды бұқаларына сұраныс жоғары. Мұндағы жануарлар Қазақстанның түкпір-түкпіріне сатылады. Әрбір басының құны 800 мың мен 1 млн теңгенің аралығында.


Байболат Култанов