МТРА жаңалықтары

Орман алқаптарында минералды жолақтар жыртылуда

Айтып келмейтін апаттың алдын алып, жасыл желекті өрттен сақтау қажет. Бүгінде жергілікті орман алқаптарында минералды жолақ жырту жұмыстары мықтап қолға алынған.

Дәл қазір шаруа “Қызылжар” орман шаруашылығына қарасты “Құйбышев” орманшылығында қызу жүріп жатыр.

Дана Сәлімқызы
– “Қызылжар” орман шаруашылығының жалпы аумағы 68 мың гектардан асады. Бұл байлықты қызыл жалыннан сақтап қалу – орманшылардың басты міндеті. Сондықтан, мамандар айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін осындай арнайы жолақ жыртуда.

Бүгінде “Қызылжар” орман шаруашылығына 4 бірдей орманшылық кіреді. Олардың барлығы қаланың жан-жағында орналасқан.

 Қайрат Қалықов, “Қызылжар” орман шаруашылығы” КММ директоры:
– Көктем айында дайындық басталады. Орман өрті қауіпті кезеңіне. Бұл кезеңде біз түгел техникалық базаны дайындап, қосалқы тіркейтің агрегаттардың барлығын жөндеуден өткізіп, қауіпті кезеңге дайындап қоямыз. Жаздың басынан бастап күзге дейін 3 мәрте жер жырту жүргізіледі.

Орман алқаптарында кез келген уақытта қызыл жалын бас көтеруі мүмкін. Сондықтан, орманшылар үлкен көлемде от шарпымас үшін және өрттің жан-жаққа таралуына жол бермес үшін осындай минералды жолақ жыртады. Жолақтың ені 4 метрді құрайды. Осылайша, осы 4 метрлік жолақ тілсіз жаудың келесі бетке өтуіне жол бермейді. Мұндай шаруа барысында МТЗ-82 тракторлары қолданылады екен.

 Сергей Малков, тракторшы
– Мен бұл шаруамен 17 жыл бойы айналысамын. Әрине, жұмыс оңай емес. Әсіресе, жазғы маусымда барынша сақ болу қажет. Күніне шамамен 40-60 шақырым минералды жолақ жыртамыз. Кейде орман ішінде тұрып қаламыз. Себебі, топырақ батпақты болады.

Әдетте минералды жолақ, өрт қаупі жоғары бар жерде жыртылады.
Көбінесе жасанды кедергі ормандардың айналасында, трассаның бойында жасалады. Себебі, жолда келе жатқан адамдар сөндірілмеген темекі тұқылын жерге тастай салады. Салдарынан қызыл жалын 2 рет бас көтерген.

 Қайрат Қалықов, “Қызылжар” орман шаруашылығы” КММ директоры:
– 2 орман өртінен 1,5 гектар жер отқа оранды. Келтірілген залал шығыны 50 мың теңгеге жуық.  

Еске сала кетейік, өңірдегі орман қорының жалпы аумағы 550 мың гектар жерді құрайды. Сондықтан, бұл байлықты аялап, өрттен қорғау – әркімнің міндеті.


Дана Ешкенова